Басты бетЖаңалықтарПрезидент: Еліміздегі...

Президент: Еліміздегі қоғамдық-экономикалық қатынастарды қайта құру керек

Атқарушы және өкілді билік арасында тиімді қарым-қатынас орнату өте маңызды. Бұл туралы президент еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте айтты.

Жуырда мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Үкімет қайта жасақталды. Осылайша, ауқымды саяси өзгерістің алғашқы кезеңі аяқталды деуге болады. Біз билік тармақтарының тепе-теңдігін орнықтырдық. Енді еліміздегі қоғамдық-экономикалық қатынастарды қайта құруымыз керек. Жұртшылық бұл реформаларға зор үміт артып отыр. Сондықтан біз нақты іс-шараларға баса мән беруге тиіспіз, — деді президент.

Мемлекет басшысы парламент сессиясының ашылуында заңнамалық тұрғыдан шешілуге тиіс бірқатар проблеманы атап өткенін еске салды.

Бүгін әлеуметтік-экономикалық саладағы мақсат-міндеттерді айқындап алуымыз керек. Үкімет және барлық деңгейдегі әкімдер соған сүйеніп жұмыс істейтін болады. Осы басқосуға мәслихаттардың өкілдері қатысып отыр. Бұл да – нақты саяси өзгерістердің нышаны. Атқарушы және өкілді билік арасында тиімді қарым-қатынас орнату өте маңызды. Қажет болса, олар бірін-бірі толықтырып, қолдап отыруы керек. Мұның бәрі мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ел мүддесін ескере отырып шешім қабылдауға жол ашады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.