Әскери прокуратура армиядағы өзіне қол жұмсау деректеріне қатысты пікір айтты

Сенатта бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев Қазақстан армиясындағы өлім себептеріне қатысты статистиканы жария етті.

Мақсат Қазиевтің есебінше, 2020 жылдан бері 270 қазақстандық әскери қызметкер қаза болды. Оның ішінде 78 сарбаз – 2020 жылы, 96-ы – 2021 жылы, 85-і – 2022 жылы. 2023 жылдың басынан бері 11 қорғаушымыз өмірден өтті. Сонымен қатар жалпы өлім-жітімнің 36%-і аурудан, 24%-і жол-көлік оқиғасынан, 20%-і өз-өзіне қол жұмсау салдарынан болды.

Құқықтық статистика комитетінің мәліметінше, 2018-2022 жылдары елімізде 17 631 суицид және 21 332 суицид әрекеті тіркелді. 10 мың азаматқа шаққанда тоғыз суицид және 11 суицид әрекеті келеді. Оның ішінде 86 суицид және 20 суицид әрекеті әскерде болған. Яғни, 10 000 әскери қызметкерге шаққанда алты суицид және бір суицид әрекеті. Демек әскерде өз-өзіне қол жұмсау деректері жиі болады деген қоғамдық пікір ресми деректер арқылы расталмады, — деді бас әскери прокурордың бірінші орынбасары.