«ҚазМұнайГаз» жаңаөзендік мұнайшылармен келіссөздердің мән-жайын айтты

«БерӘлі Маңғыстау Сompany» мекемесінің бұрынғы қызметкерлерімен келіссөз жалғасып жатыр. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» компаниясы хабарлады.

Биыл 11 сәуірден бастап Астанада арнайы комиссия жұмысын бастады, оның құрамына энергетика министрлігі, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ өкілдері, сонымен қатар 10 адамнан құралған «БерӘлі» компаниясының белсенді тобы кірді, — делінген хабарламада.

Бүгінге дейін жұмыс комиссиясы үш отырыс өткізді.

«ҚазМұнайГаз» келіссөз барысында қаралған мәселелерді атады:

1. БерӘлі компаниясының бұрынғы қызметкерлерінің басты талабы – «Өзенмұнайгаз» АҚ штатына жұмысқа орналасу. Бастамашыл топқа бұл шарттың мүмкін еместігі айтылды. Ұйымға жұмысқа кезекте 9 мың адам тұрғаны айтып өтілді. Олар қабылданған алгоритмдерге сәйкес бастапқыда коммуналды компанияларда жұмыс істейді. Әрі қарай бос жұмыс орны пайда болғанда кезек бойынша «Өзенмұнайгаз» АҚ-қа жұмысқа тұрады. Келіссөз жүргізушілердің бұл талабы қала тұрғындарының мүддесі мен құқығы қайшы келеді.

2. Сатып алу қызметін ұзақ мерзімге белгілеу мәселесі бойынша ҚМГ өкілдері «3+2» схемасы бойынша келісімшарт жасасуға дайын екенін білдірді. Ол бойынша келісімшарттар қосымша екі жылға ұзарту құқығымен үш жылға жасалады.

3. Жекелеген мәселелер бойынша БерӘлінің бұрынғы қызметкерлерінің талаптары өзгерді: атап айтқанда, жерасты жөндеу жұмыстарының қосымша көлемін «Бұрғылау» және «МұнайФилдСервис» жеке компанияларына беріп, БерӘлінің бұрынғы қызметкерлерін осы компанияларға жұмысқа орналастыру мүмкіндігі айтылды. Бірақ алдын ала келіссөздерден кейін аталған компаниялардың басшылығы өз бригадаларының толық жүктелмеуіне байланысты мұндай қызмет түрін көрсетуге қызығушылығы жоқтығын мәлімдеді.

4. Еңбекті қорғау және ұйымдастыру жағдайлары, бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамасын (БТБА) қолдану және тендер рәсімдеріне қатысты мәселелер бойынша тәуелсіз комиссия құруды мемлекеттік орган өкілдері қарастыруға және комиссияның күн тәртібі мен құрамын мүдделі органдармен келіскеннен кейін жауабын беруге дайын екендіктерін мәлімдеді.

5. Бұдан бөлек, ҚМГ өкілдері БерӘлі компаниясының бұрынғы қызметкерлерінің барлығын осыған дейінгі жалақысы мен әлеуметтік пакетін сақтай отырып, конкурс нәтижесінде жеңімпаз болған компанияға жұмысқа орналастыруға дайын екендігін растады.

Қазіргі уақытта мәселелерді талқылау жалғасып жатыр және тараптар қолданыстағы заңнамаға сай келісімге қол жеткізуге мүдделі, — делінген компания сайтында.

Еске салайық, Астанада энергетика министрлігінің алдында наразылық акциясын өткізген мұнайшылар ұсталғаннан кейін Жаңаөзенде мыңдаған адам орталық алаңға шықты. Олар жұмыс талап етіп отыр. Айтуынша, жұмыс істеп жүрген компаниясы тендерден ұтылып, енді бәрі жұмыссыз қалған. Ұсталған жұмысшылар босатылды. Көбісі пойызбен үйіне жіберілді.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының мәліметінше, мұнайшылардың атынан он адам қалды. Олар келіссөзді жалғастырады.