Жаңаөзендік жұмысшылардың талабын қарайтын комиссия құрылды

Жаңаөзендік жұмысшылардың талаптарын қарау үшін жұмыс комиссиясы құрылды. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, бұған дейін Астана полициясы ұстаған «БерӘлі Маңғыстау Company» компаниясының бұрынғы қызметкерлері босатылып, пойызбен Жаңаөзенге жөнелтілді.

«ҚазМұнайГаз» байланыс тобы мен «БерӘлі Маңғыстау Company» өкілдері арнайы жұмыс комиссиясын құру туралы келісімге келді. Ол комиссия «БерӘлі Маңғыстау Company» компаниясының бұрынғы қызметкерлерінің талаптарын заң аясында шешу үшін қарастыратын болады, — делінген хабарламада.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының мәліметінше, мұнайшылардың атынан он адам қалды. Олар келіссөзді жалғастырады.

Еске салайық, 10 сәуірде Жаңаөзеннен Астанаға «БерӘлі Маңғыстау Company» қызметкерлері барды. Жүзден аса мұнайшы энергетика министрлігінің алдына түнеп шықты. Олар жұмыс талап етіп отыр. Айтуынша, жұмыс істеп жүрген компаниясы тендерден ұтылып, енді бәрі жұмыссыз қалған.

11 сәуірде үкімет отырысында энергетика министрі жаңаөзендік жұмысшылардың талаптарын айтты. Кейін энергетика министрлігінің алдында ереуілдеген мұнайшыларды полиция ұстап әкетті.