«2022-2023 оқу жылын аяқтау және орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды қорытынды аттестаттаудан өткізу мерзімдерін бекіту туралы» оқу-ағарту министрінің бұйрығы күшіне енді.
Бұл туралы вице-министр Шолпан Қаринова Facebook-парақшасында жазды.
Қабылданған бұйрыққа сәйкес, оқу мерзіміне қатысты мынадай өзгерістер болады:
Меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан орта білім беру ұйымдарындағы оқу сабақтары 2023 жылғы 31 мамырда аяқталады.
— 9 (10) кластарда білім алушылардың қорытынды бітіру емтихандары 2023 жылғы 2-13 маусым аралығында өткізіледі.
— 11 (12) кластарда білім алушылардың мемлекеттік бітіру емтихандары – 2023 жылғы 5-19 маусым аралығында өткізіледі.
Ал қорытынды аттестаттауды мына мерзімде өткізу бекітілген:
— 9,10-класс оқушылары үшін:
1) оқыту тілі бойынша эссе нысанында жазбаша емтихан, гуманитарлық цикл пәндерін тереңдетіп оқытатын мектептер үшін – жазбаша жұмыс (мақала, әңгіме, эссе) – 2023 жылғы 2 маусым;
2) математика (алгебра) бойынша жазбаша емтихан (бақылау жұмысы) – 2023 жылғы 6 маусым;
3) өзге тілдерде оқытатын кластарда қазақ тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан (мәтінмен жұмыс, мәтін бойынша тапсырмаларды орындау) және қазақ тілінде оқытатын кластарда орыс тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан (мәтінмен жұмыс, мәтін бойынша тапсырмаларды орындау) – 2023 жылғы 9 маусым;
4) таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан (физика, химия, биология, география, геометрия, қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы, әдебиет (оқыту тілі бойынша), шет тілі (ағылшын/француз/неміс), информатика) – 2023 жылғы 13 маусым;
11,12-класс оқушылары үшін:
1) оқыту тілі бойынша жазбаша емтихан – 2023 жылғы 5 маусым;
2) алгебра және анализ бастамалары бойынша жазбаша емтихан – 2023 жылғы 8 маусым;
3) Қазақстан тарихы бойынша ауызша емтихан – 2023 жылғы 12 маусым;
4) өзге тілдерде оқытатын кластарда қазақ тілі мен әдебиетінен және қазақ тілінде оқытатын класта орыс тілі мен әдебиетінен жазбаша емтихан – 2023 жылғы 15 маусым;
5) таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан (физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзілік тарих, құқық негіздері, әдебиет (оқыту тілі бойынша), шет тілі (ағылшын/француз/неміс), информатика) – 2023 жылғы 19 маусым.
Вице-министрдің айтуынша, өңірлердің білім басқармалары оқу жылын осы мерзімдерге сәйкес аяқтау бойынша тиісті шараларды қабылдайды.