Энергетика министрі Астанаға жиналған жаңаөзендік жұмысшылардың талаптары туралы айтты

Энергетика министрі Астанаға келіп, ведомство ғимаратының маңайында түнеп шыққан жаңаөзендік жұмысшылардың алдына шығуға асықпай отыр.

Үкімет отырысында журналистер министрден кешеден бері Астанада энергетика министрлігі ғимаратының алдына жиналған жаңаөзендік жұмысшылармен келіссөзге неге жеке шықпағанын сұрады.

Мен диалогты жалғастыру, құзырлы адамдардың қызметкерлермен тікелей келіссөз жүргізу қажет екенін көріп отырмын. Егер шығуым керек болса, әрине, мен шығамын, — деді министр.

Министр кеше наразылыққа шыққандардың нақты талаптары болмағанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, көтерілген бірнеше талаптың ішінде «ӨзенМұнайГаз» кәсіпорнына жұмысқа тұрғызып беру және бұған дейін өткен тендердің күшін жою талаптары қойылған.

Келіссөздердің кезеңі болады. Біз олардың түпкілікті позициясын, проблеманың мәнін түсінгіміз келеді. Жалпы олармен диалог ұйымдастырылды. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері болды. Энергетика министрлігінің департамент директорлары болды. Олар диалогқа кіріскен жоқ, бірақ сол маңда ахуалды бақылап, адамдармен сөйлесті, талаптарын нақтылады. Қазір біз ресми ұстаным әзірлеп жатырмыз, — деді Алмасадам Сәтқалиев.

Оның айтуынша, дәл қазір жұмысшылардың нақты талаптары жоқ.

Айта кетейік, Астанаға Жаңаөзеннен «БерӘлі Маңғыстау Company» қызметкерлері барды. Кеше жүзден аса мұнайшы энергетика министрлігінің алдына түнеп шықты. Олар жұмыс талап етіп отыр. Айтуынша, жұмыс істеп жүрген компаниясы тендерден ұтылып, енді бәрі жұмыссыз қалған.