Астана полиция департаменті жаңаөзендік мұнайшылардың митингісіне қатысты пікір айтты.
Кешеден бері астанада мұнай сервистік компанияның бір топ жұмысшысы рұқсат етілмеген митингі ұйымдастырып жатыр. Ел заңнамасына сәйкес, тұрғындардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету объектілерінің қалыпты жұмыс істеуіне кедергілерді болдырмайтын шараларды қабылдау бойынша жергілікті атқарушы органдарды алдын ала хабардар етіп, арнайы бөлінген орындарда бұқаралық іс-шара өткізілуге тиіс. Наразылардың «Бейбіт жиналыстар туралы» заң талаптарын бұзғандықтан, митинг өткізу туралы арызы болмағандықтан, сонымен қатар рұқсат етілмеген жерде рұқсат етілмеген митинг өткізгендіктен, жергілікті мәслихат қаулысының тізімі бойынша митингіні ұйымдастырғандар мен белсенді қатысушылардың бірқатары полицияға жеткізілді, — делінген полиция хабарламасында.
Полиция департаменті тәртіп бұзғандарға Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 488 және 667-баптары бойынша ескерту жасалады немесе 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынатынын ескертті. Олардың әрекетіне қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріледі.
Полицейлер Қазақстан Республикасы белгілеген тәртіпті бұзып өткізілген жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттер мен өзге де бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырғаны және өткізгені үшін жауапкершілікке тартылатынын ескертті.
Еске салайық, 10 сәуірде Жаңаөзеннен Астанаға «БерӘлі Маңғыстау Company» қызметкерлері барды. Жүзден аса мұнайшы энергетика министрлігінің алдына түнеп шықты. Олар жұмыс талап етіп отыр. Айтуынша, жұмыс істеп жүрген компаниясы тендерден ұтылып, енді бәрі жұмыссыз қалған.
11 сәуірде үкімет отырысында энергетика министрі жаңаөзендік жұмысшылардың талаптарын айтты. Кейін энергетика министрлігінің алдында ереуілдеген мұнайшыларды полиция ұстап әкетті.