2 сәуірде Атырау облысы Каспий теңізінің жағалауында қамыс өртенді. Төрт күнге созылған өрт 6 сәуірде сағат 21:30-да сөндірілді. Бұл туралы облыстық ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.
Өрттің жалпы ауданы — 1 200 гектар. Өрттен флора мен фауна зардап шеккен жоқ, өйткені құстардың ұя салу кезеңі әлі басталмаған, — делінген хабарламада.
Еске салайық, 2 сәуір күні сағат 09:12-де Атырау қаласының Дамбы ауылынан 30 шақырым жерде Каспий теңізі жағалауының сулы, батпақты жерінде қамыс өсімдіктері өртенді.
Жану ошақтары анықталғаннан кейін Атырау облысы ТЖД күштері мен құралдары дереу оқиға орнына жіберілді. Бес күн бойы өрт сөндірушілер жалынмен күресті. Жел бағытының өзгеріп отыруы, аумақтың сулы, батпақты болуы, сонымен қатар қамыстың тығыз қалың баурайы өрт сөндірушілерге қиындық туғызды.
Қамыс өртін жоюға ТЖД 42 қызметкері мен жеті бірлік техника және «Ақ Жайық» табиғи мемлекеттік резерватынан 30 адам мен тоғыз бірлік техника, екі қайық, төрт мотопомпа жұмылдырылды.
Сонымен қатар қамыс өсімдіктерін сөндіруге «Қазавиақұтқару» АҚ-ның СТҚ-5 су төгетін құрылғысы бар МИ-8 тікұшағы жұмылдырылды. Өрт сөндіру кезеңінде тікұшақ өрт ошақтарына әуеден 86 рет, жалпы көлемі 260-қа жуық тонна су төгілді.