Басты бетЖаңалықтарӘлеуметтік маңызы...

Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің жеті түрі арзандады

Наурызда әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің жеті түріне баға төмендеді.

Ranking.kz порталының мәліметінше, наурызда картоп (7%), пияз (0,3%), қырыққабат (0,1%), қарақұмық (1,3%), күнбағыс майы (1,1%), қант (0,8%) және құс еті (0,4%) арзандады. Ал бірінші сұрыпты ұн, одан дайындалған нан, майлылығы 2,5% болатын сүт бағасы өзгерген жоқ.

Былтыр наурыздағы жағдай мүлдем басқаша болатын. Ол кезде картоп бағасы — 2,6%, сәбіз — 3,9%, пияз — 12,2%, ал қант 35%-ке қымбаттаған еді. Ал биыл азық-түлік бағасының төмендеуіне тұрақтандыру қорларындағы өнімдердің саудаға шығарылуы септігін тигізіп отыр, — делінген сараптамада.

Нәтижесінде наурызда айлық инфляцияның жалпы деңгейі 0,9%-ке төмендеді. Бұл 2022 жылғы ақпаннан бергі тұтынушылық баға өсімінің ең төменгі айлық көрсеткіші саналады. Соған орай жылдық инфляция қарқыны да осы жылдың наурызында ақпандағы 21,3%-і және қаңтардағы 20,7%-не қарағанда 18,1%-ке дейін баяулады.