Басты бетЖаңалықтарҚазақстанда оннан...

Қазақстанда оннан астам жаңа рейс ашылады

Көктем-жаз маусымына қарай Доха, Анкара, Медина, Баку және Душанбе, Ыстамбұл, Тбилиси, Пхукет, Мале, Дели, Чэнду, Лондон, Ираклион және Подгорица қалаларына жаңа рейстер ашылады.

Бұл туралы мәдениет және спорт министрлігі хабарлады.

Соның арқасында елімізге келуді жоспарлаған шетелдік қонақтардың Қазақстанға келу мүмкіндігі артады. Шетелдік әріптестермен жаңа бағыттарды ашу бойынша келіссөздер жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Мысалы, былтыр жеті елде 10 жаңа бағыт ашылды, — деді мәдениет және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков.

Оның үстіне Алматы мен Астананың әуежайлары ғана емес, Шымкент, Ақтау және Түркістанның әуе айлақтары да жаңа рейстерді орындауға тартылады.

Бірқатар шетелдік әуе компаниясы да Қазақстанмен әуе қатынасын орнатуды жоспарлап отыр. Мысалы, малайзиялық лоукостер Air Asia X Куала-Лумпурдан Алматыға, Тайландтағы әуе тасымалдаушысы Thai Air Asia Бангкоктан Алматыға рейс ашуды көздеп отыр.

Иранның Qeshm Air компаниясы Алматы – Токио бағыты бойынша рейс ашуды жоспарлап отыр. Омандағы SalamAir 1 шілдеден бастап Маскат – Алматы рейсін іске қосады, — деп хабарлады министрліктегілер.