Басты бетЖаңалықтарПрезидентке Наурыз...

Президентке Наурыз мейрамына орай құттықтаулар түсіп жатыр

Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Наурыз мейрамына орай шет мемлекеттер және халықаралық ұйым басшыларынан құттықтау жеделхаттары әлі де түсіп жатыр.

Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған құттықтауында көктемнің жаршысы – Наурыз Орталық Азиядан Балқанға дейінгі алып кеңістікте тойланатын ортақ дәстүр мен молшылық мейрамы екенін айтып өткен.

Осы ортақ дәстүрімізді сақтау және оны кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінде тойланатын Наурыз мейрамы – достығымыз бен бауырластығымыздың жарқын көрінісі, – деп жазылған Түркия президентінің жеделхатында.

Татарстан Райсы Рустам Минниханов та бауырлас татар халқының атынан жүрекжарды тілегін жолдаған.

Ежелден келе жатқан әрі ешқашан ескірмейтін, сонымен қатар өзіне тән жаңару рухын, жасампаздық қуаты мен қуанышын ала келетін Наурыз мейрамы қазақ-татар халықтарының дамуына, өзара ынтымақтастығының кеңеюіне жол ашсын деп тілеймін, – деп жазылған жеделхатта.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Чжан Мин өз құттықтауында Наурыз мейрамын дәріптелетін татулық, табиғатпен етене жақындық және адамдар арасындағы сыйластық күллі адамзат баласының құндылығы екенін айтқан.

Наурыз ШЫҰ-ға мүше елдер мен халықтардың мәдени әралуандығын сақтауда және олардың тату көршілік қарым-қатынасын, достығы мен ынтымақтастығын нығайтуда маңызды рөл атқарады. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің белсенді атсалысуымен БҰҰ бас ассамблеясы Наурыз халықаралық күні туралы қарар қабылдағанын айрықша айтып өткім келеді. Бұл осы мейрамның жаһандық деңгейдегі маңыздылығын білдіреді, – деп жазған ұйымның бас хатшысы.

Сонымен қатар мемлекет басшысын Наурыз мейрамымен Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы, Шейх-уль-ислам Аллашүкір Пашазаде құттықтады.