Банкроттық рәсімдеуге 18 мыңнан астам азаматтан арыз түсті

Банкроттық рәсімдеуге 18 мыңнан астам азаматтан арыз түсті. Бұл туралы қаржы министрлігі хабарлады.

3 наурыздан бастап азаматтардан банкроттық рәсімдерді қолдану туралы арыздарды қабылдау басталды. Арыздар негізінен е-Gov (94%) және e-Salyq Azamat (6%) мобайл қосымшасы көмегімен түсіп жатыр.

Қарызын төлей алмай жүрген қазақстандықтар үш түрлі рәсім бойынша кредитінен құтыла алады.

Бірінші рәсім – соттан тыс банкроттық. Оны тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады.

Мына шарттар сақталуы қажет:

  • борыш 5,5 миллион теңгеден (1 600 АЕК) аспайды;
  • кредит 12 ай бойы өтелмеген болуы керек;
  • меншігінде тіркелген мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік болмаған жағдайда;
  • банкпен реттеу жүргізілгеннен кейін жасалады.

Бұл ретте атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін алты ай ішінде және берешегі бес жылдан артық өтелмеген азаматтар үшін ерекше жағдайлар көзделген.

Екінші рәсім – сот банкроттығы. Сот банкроттығының мақсаты – банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру. Бұл рәсімді қаржы басқарушылары жүзеге асырады, олардың құрамына жұмыс істеп тұрған әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, заң кеңесшілері мен аудиторлар кіреді.

Үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Онда сот арқылы борышты бөліп-бөліп төлеу (бес жылға дейін) мүмкіндігі бар. Оның артықшылығы – азамат «банкрот» деп саналмайды. Демек банкрот үшін көзделген салдарлар оған қолданылмайды.

Сот арқылы банкроттық рәсімі қарыз 5,5 миллион теңгеден асқанда іске қосылады.