Алматыда Jusan Vibe алаңы ашылды. Енді алматылықтар ол жерден көрме, шеберлік сабағы, спектакль және тағы басқа шараларды тамашалай алады. Мәселен, 3 наурыздан бастап алаңда көрме ашылды. Baribar.kz тілшілері көрменің ашылуына барып, жоба кураторларымен, туынды авторларымен және қонақтармен тілдесіп қайтты.
Jusan Vibe — замануи мәдениет пен өнерге арналған мультимедия кеңістігі. Jusan ұсынған ашық алаңда өнер адамдары шығармашылығын шыңдап, креатив ортаны дамыта алады. Жоба кураторларының бірі Ольга Веселованың айтуынша, болашақта бұл алаңда көрме, лекция, шеберлік сабағы, спектакль, музыкалық қойылым сияқты түрлі форматтағы шаралар өтеді. Жобаның алғашқы қадамы көрмеден басталды.
Jusan Vibe кеңістігінде өтіп жатқан көрме Париж салондары сияқты. Бұрын авторлар туындысын көпшілікке ұсыну үшін оны салондарға жолдайтын. Бізде де дәл солай. Мақсатымыз — жергілікті шығармашыл қоғамның қалыптасуына ықпал ету, креатив кәсіпкерлерді қолдау. Оған қоса кез келген ұсыныстарға ашықпыз, — дейді жоба кураторы.
Ольга Веселова Jusan Vibe алаңындағы көрмеге жалпы 126 автор жұмысын жібергенін айтады. Жоба кураторлары мен мамандар оның ішінен 72 автордың туындысын іріктеп алған. Көрмеге әр автордың тек бір картинасы ілінген.
Кәсіби суретші де, жай хобби ретінде сурет салатын адам да кез келген тақырыптағы жұмысын жолдауға мүмкіндігі болды. Өтінім жіберуге қатысты ешқандай шектеу болмағандықтан өте көп туынды келіп түсті. Таңдау жасау қиынға соқты. Десе де көрерменнің алдында жауапты болғандықтан туындының эстетикасына және концепциясына назар аудардық, — дейді Ольга Веселова.
Мысалы, 22 жастағы Айтуар Әмірхан — «Сыңсу» деген суреттің авторы. Бұл — оның көрмеге ілінген ең алғашқы картинасы, сол себепті суретшінің қуанышында шек жоқ.
Jusan Vibe көрмесі жайында әлеуметтік желіден және ақпарат агенттіктерінен оқып, бірден өтінім бердім. Қабылдағанын естігенде қатты қуандым, — дейді ол.
Айтуардың айтуынша, ол «Сыңсу» картинасы арқылы қыз бала, әйел тағдыры мәселесін көрсетпек болған.
Сыңсу — қазақтың салт-дәстүрі. Тұрмысқа шығып бара жатқан қазақ қыздары сыңсу айтып, туыстарымен қоштасқан. Енді біреулері сыңсу арқылы ренішін білдірген, өйткені кезінде талай жас қыз өзінен үлкен, қалың малын жақсы төлеген бай адамға шығуға мәжбүр болған. Қазір заман да, адам да өзгерді. Десе де, өкінішке қарай, әлі күнге дейін жаңалықтардан мектеп формасын киіп жүрген оқушы қызды алып қашып жатқанын, тұрмысқа беріп жатқанын естиміз. Осы тектес біраз проблема бар екені жасырын емес. Әрине, қазақтың түрлі ғажап салты бар, оларды білуіміз керек. Десе де кейбірінің ескіргенін түсінуіміз қажет деп ойлаймын. Кезінде қалың мал ретінде жылқы берілгендіктен туындының басты назары қызда емес, жылқыда болғанын жөн көрдім, — дейді Айтуар Әмірхан.
Айтуар бұл туындыны осы жылы салған. Өзінің айтуына қарағанда, жұмысқа бір апта жұмсаған. Болашақта дәл осы картиналардың сериясын жасайды.
Тұрмыс құруға байланысты әдет-ғұрып және әйел тағдыры мәселесін әртүрлі қырынан қарастырғым келеді, — дейді суретші.
Томирис Дәулетова — режиссер, мультиприкатор. Оның «Жарқын елес» деген анимациялық фильмі бар. Режиссердың фильмі түрлі халықаралық фестивальда көрсетіліп жүр. Дегенмен Томирис мұнымен тоқтап қалмады, ол фильмін суретке айналдыруды шешкен. Сөйтіп «Жарқын елес» деген картинасын салған. Ал бүгін ол суреті Jusan Vibe көрмесінде ілініп тұр. Автордың сөзіне қарағанда, бұл туынды түркі халқының дүниетаным бастауындағы тәңіршілдік туралы.
Мұнда Тәңір Асы үстіртіне барлық құдайды жинап, адамдарға жарқын дүние сыйлағысы келетінін айтады. Осы кезде Ай мен Күн құдайы өзін құрбан етіп, адамдар үшін ай мен күнге айналды. Бірақ аспан күштеріне айналмас бұрын олар көптеген сынақтан өтті. Осы картина арқылы жалпы әлемнің, түркі мәдениетінің, мифологияның қалай қалыптасқанын баяндағым келді, — дейді автор.
Көрмедегі картиналардың тақырыбы саналуан: пейзаж, адам портреті, мифология, қазақы мәдениет, қала мәдениеті, саяси проблема, интернет кеңістігі және тағы басқа. Оған қоса түрлі мүсін бар.
Jusan Vibe-тың алғашқы көрмесіне біраз адам жиналды. Оның ішінде қарт адамдар да, жастар да, балалар да бар. Мысалы, Нұрқожа Ерсайын достарымен бірге көрмені тамашалауға келген. Ол Алматыда осындай ашық алаңның, көрменің ашылғанына қуанғанын айтады.
Көрмеден қазақы нақыштағы, қазақы мәдениетті бейнелейтін біраз суретті, мүсінді байқадым. Авторлардың сюжетінде түркі руналары, оюлар, ұлттық киімдер қолданылған. Оның үстіне жай ғана абстракция емес, мағыналы туындылар ілінген екен, — дейді Нұрқожа Ерсайын.
Jusan Bank басқарма төрағасы Нұрдәулет Айдосовтың айтуынша, Jusan Vibe — дарынды қазақстандық суретшілер мен мәдениет пен өнердің түрлі саласындағы қайраткерлердің мүмкіндіктерін іске асыруға арналған шығармашылық алаңы. Сол себепті олар идеясы, ұсынысы бар шығармашыл адамдармен жұмыс істеуге әрдайым дайын.
Мұнда сандар мен қаржыдан алшақтап, өнер әлемінде демалуға болады. Негізі біздің суретшілермен ұқсас тұсымыз бар: дәл осы ғимаратта біздің ІТ-хаб орналасқан, ал әзірлеушілер де — шығармашыл адамдар. Алда көп жоспарымыз бар — түрлі тақырыптық көрмелер өткіземіз, елімізде әлі көрсетілмеген жұмыстарды көрсетеміз. Біздің өнер көрмесі барлығына ашық, ешқандай шектеу жоқ. Сонымен қатар біз идеялары мен жобалары бар шығармашыл адамдарды күтеміз. Барлығы келіп, жобасын ұсына алады. Біздің команда ұсыныстарға ашық, — деді Нұрдәулет Айдосов.
Jusan Vibe алаңындағы көрмеге кез келген адам бара алады. Көрме 16 сәуірге дейін ашық. Мекенжайы: Алматы қаласы, әл-Фараби, 36.