Компанияға қарасты инженерлік-техникалық қызметтерді сату департаменті 2011 жылы сұраныстың артуына байланысты құрылған. Бұл туралы аталған бөлімнің аға маманы Тимур Керімбердиев айтып берді.

Air Astana
Air Astana © SZH.kz

Оның сөзіне қарағанда, алғашында «Air Astana» құрамындағы инженерлік-техникалық қызмет көрсету департаменті компанияның иелігіндегі борттарға ғана қызмет көрсетіп келген. Алайда уақыт өте келе Turkish Airlines, British Air, Air China секілді Қазақстанмен әуе байланысы бар компанияларда жергілікті техникалық қызмет көрсету сервисіне деген сұраныс пайда болған. «Air Astana-дан» басқа сәйкес сертификаты бар әуе компаниясы болмағандықтан, дәл осы ұйым аталған қызметті көрсетуге кіріскен. Нәтижесінде 2011 жылы қазақстандық әуе компаниясы басқа ұйымдарға инженерлік-техникалық қызметтерді сатумен айналысатын Engineering Sales департаментін құрады.

«MRO Russia and CIS» көрмесі – біз үшін маңызға ие шара, себебі бұған негізінен ТМД елдерінің әуе компаниялары қатысады, олардың ішінде Қазақстанға жиі рейс ұшыратындары да баршылық. Өткен жылы біз бұл көрмеге делегат ретінде қатысып, «Эйр Карго», «КамЭйр», «Саратов Эйрлайнс» секілді ұйымдармен танысып, байланыс орнаттық. Осы серіктестіктер бойынша ғана біз 2016 жылы 200-300 мың доллар табыс таптық. Сондықтан осы жылы көрменің толыққанды мүшесі атанып, жеке стенд қою туралы шешім қабылдадық. Қазір жаңа клиенттермен келіссөздер жүргізіп, бұрынғы клиенттермен ары қарайғы жұмысты қалай жалғастыранымыз туралы келісімге келіп жатырмыз», — дейді Тимур Керімбердиев.

«MRO Russia and CIS» көрмесі
«MRO Russia and CIS» көрмесі © SZH.kz

Оның айтуынша, «Air Astana» компаниясының басты артықшылығы ұйым мамандарының, қызмет көрсету деңгейінің еуропалық дәрежеде болуында екен.

«Біздің мамандар еуропалық сертификаттаудан өткен. Оның үстіне Қазақстанда бізден басқа инженерлік-техникалық қызмет көрсететін ешкім жоқ. Сондай-ақ біз ақыны теңгемен аламыз, бұл бірқатар шетелдік компанияларға тиімді. Мәселен, ауғанстандық «Кам Эйр» жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ұшақтарын арнайы Қазақстанға, бізге алып келеді», — деп атап өтті маман.

Air Astana
Air Astana © SZH.kz

Инженер-техникалық қызмет сату департаментінің супервайзері Дәулет Тастановтың айтуынша, Қазақстандағы ең түйткілді мәселелердің бірі – кадр тапшылығы. «Біздің мамандар арасында Азаматтық авиация академиясын бітіріп келген мамандар бар. Сондай-ақ өзіміз Оқыту орталығын ашып, салалық мамандар әзірлей бастадық. Онда түрлі курстар, тренингтер өтеді. Теория мен практиканы қатар беріп, кейін жұмысқа аламыз. Қазір басқа компаниялар да өз қызметкерлерін аталған орталықта оқытуға қызығушылық танытып жатыр», — дейді ол.

Оның айтуынша, Қазақстан бойынша ұшақ дөңгелектеріне жөндеу жұмыстарын жүргізе алатын жалғыз компания «Air Astana» екен. Аталған қызмет түрі бойынша Еуропаға ұшақ апаруды қымбат деп тапқан компаниялар Қазақстанға келеді.

«ТМД бойынша Airbus 320 Neo ұшағын сатып алған бірінші компания – «Air Astana». Осы ұшақты алғысы келетін өзге ұйымдар, мәселен, ресейлік S7 қызметкерлерін оқытып, тәжірибеден өтуі үшін Қазақстанға жібереді», — дейді Дәулет Тастанов.

Тимур Керімбердиев өткен жылы 2 мыңдай тапсырыстың болғанын, 2017 жылы осы көлемде немесе бұдан үлкен көрсеткішке қол жеткізуге компанияның ниетті екенін жеткізді. «Базамыз Алматыда болғанымен, техникалық қызмет көрсету үшін мамандарымыз Қазақстанның өзге қалаларына да, шетелге де шыға береді», — дейді ол.

Air Astana
Air Astana © SZH.kz

Компания өкілдерінің айтуынша, қазір Астанада жаңа база салынып жатыр. Ол заманауи құрал-жабдықпен қамтамасыз етіліп, Алматыдағы тарлау ангарға сыймайтын ұшақтарды қабылдай бере алатын болады. Орталық осы жылы толықтай аяқталып, пайдалануға берілуі керек.

«ЭКСПО-2017 көрмесіне орай Қазақстанға 15-тей компания кіріп, бұрынннан келе жатқан әуе ұйымдары рейс санын арттырмақшы. Осыған байланысты біз де бар күшімізді Астанаға салып, ондағы мамандар қатарын көбейтуді ойластырып отырмыз», — дейді Тимур Керімбердиев.

Дәулет Тастанов
Дәулет Тастанов © SZH.kz

Дәулет Тастанов «Air Astana» компаниясының ЭКСПО-ға өткен жылдан бері дайындалып жатқанын айтты. «ЭКСПО-ға келетін шетелдік компанияларға Қазақстанда кімнің еуропалық деңгейдегі инженер-техникалық қызмет көрсететіні маңызды. Сондықтан «біз бармыз, қолымыздан келеді» деп, қазір түрлі шараларға, көрмелерге қатысып, жарнама беріп, байланыстар орнатып жатырмыз. ЭКСПО ел үшін маңызды шара, соған  өз үлесімізді қоссақ дейміз», — деп атап өтті ол.

Air Astana
Air Astana мамандары © SZH.kz

«Air Astana» түрлі мемлекеттердің әуе билігі мойындаға сертификаттар бойынша ұшақтарға қызмет көрсетіп келеді. Қазіргі уақытта KLM, Аэрофлот, Etihad, Lufthansa, Asiana Airlines секілді ірі шетелдік компаниялар, содай-ақ Қазақстандағы әуе ұйымдары «Air Astana» ұсынып отырған инженерлік-техникалық қызметтерді пайдаланады.