Туризм жобаларын субсидиялауды 5 жылдан 10 жылға ұзарту ұсынылды

Бұл туралы мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев айтты.

Туризмдегі инвестициялық әлеуетті дамытуға баса мән беріледі. Біздің министрлік «Қазақтуризм» компаниясымен бірлесіп, инвестициялық жобалар пулын қалыптастырды. Былтырғы қорытынды бойынша 40 миллиард теңгеге 138 жоба іске асты. Биыл 288 миллиард теңгеге 115 жобаны іске асыру жоспарланып жатыр, — деді Ержан Еркінбаев туризмді дамыту мәселелері жөніндегі көшпелі алқа отырысында.

Сонымен бірге спикер министрлікке қонақ үй басшыларынан өтініштер келіп түсетінін айтты. Қазіргі жеңілдетілген несиелеу механизмі белгіленген мерзімде шығынды ақтауға мүмкіндік бермейді. Орта есеппен қонақ үй құны 10 жылда өтеледі.

Осыған байланысты туризм жобаларын субсидиялау мерзімдерін 5 жылдан 10 жылға дейін ұзарту, сонымен қоса қаржыландыру лимиттерін 5 миллиард теңгеге дейін ұлғайту қажет. Тиісті ұсынысты ұлттық экономика министрлігіне жібердік, — деді вице-министр.

Айта кетейік, мәдениет және спорт министрлігінің алқа отырысында министр Асхат Оралов 2022 жылы Қазақстанға келген шетелдік туристер саны 3 есе өскенін мәлімдеді.