2022 жылғы 30 желтоқсанда «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін және банкроттығын қалпына келтіру туралы» заңға қол қойылды. Заң 1 қаңтарда ресми түрде жарияланды. Банкроттық туралы өтініштерді қабылдау 3 наурыздан басталады, — деді Жамаубаев.
Бұл құжат кредитін төлей алмай, қиындыққа тап болған жеке тұлғалардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Заңда рәсімдердің үш түрі қарастырылған:
- соттан тыс банкроттық;
- сот арқылы банкроттық;
- қабілеттілігін қалпына келтіру.
Мұндай рәсімдерге қарыз алушының өзі ғана бастамашы бола алады. Азаматтардың міндетті түрде қаржылық сауаттылықты арттыру курстарынан өтуі көзделіп отыр. Осы шаралардың барлығы банкроттық рәсімінен кейін азаматтың төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге және борыштық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Заң күшіне енгеннен кейін азаматтардың да жауапкершілігі артады. Алдағы уақытта жылдам қарыз алу үшін кредит тарихының дұрыс болуына азаматтардың өздері мүдделі болуға тиіс. Банкрот деп мойындау қарыздарды төлемей кету емес, тек шарасыз жағдайдағы көмек екенін әркім білуі керек, — деді министр.