Қазақ дзюдошысы Ержан Шынкеев Рио Олимпиадасының чемпионын ұтты

100 келіден жоғары салмақта сынға түскен дзюдошы Ержан Шынкеев Гран При турнирінің қола жүлдесін еншіледі. Шынкеев алғашқы белдесуінде бразилиялық қарсыласы Искуарде Руан 3 шидо алғандықтан жеңіс қазақстандық дзюдошыға берілді.

Қазақ дзюдошысы екінші айналымда Грузия елінің балуаны Адам Окурашвилиді вазари ұпайымен ұтты. Үшінші айналымға сүрінбей өткен қазақстандық балуан жапон дзюдошысы Харасауа Хисояшиге қарсылас атанды. Алайда белдесу барысында сылбырлық танытқан Ержан Шынкеев үш шидо алғандықтан жеңіс жапон балуанына берілді. Қола жүлде үшін күресуге мүмкіндік берілетін жұбаныш белдесуінде Ержанның қарсыласы Хаммо Якив боз кілемге шықпай, қазақстандық балуан жүлделі орынға таласуға мүмкіндік алды. Қола жүлде үшін өткен белдесуде сенсация орын алды. Қазақстандық балуан 100 келіге дейінгі салмақта Рио Олимпиадасының чемпионы Лукаш Крпалекті вазари ұпайымен жеңіп, Гран При турнирінің қола медалін иеленді.

Айта кетейік, Гран При турнирі ақпанның 24-26-сі аралығында өтті. Жарыстың бірінші, екінші күні белдескен барлық балуандарымыз жарысты жүлдесіз аяқтады. Жарысқа 50 елден 346 дзюдошы қатысты.

ДереккөзInform.kz