Балаларға арналған бұл жоба 10 сериалдан тұрады. Ұзақтығы — 5-7 минут. Бас кейіпкері — Айбар атты қасқыр. Ол өзінің Шымыр, Момын, Барыс, Ерке сияқты достарымен бірге түрлі оқиғаны бастан кешіреді. Авторлар әр сериалда оқиғаны қызық етіп баяндап, пайдалы ақпарат жеткізуге тырысқан.
Идея авторы — Айбек Қуатбай. Ал жоба жетекшісі — Парасат Танен. Мультсериалға жас аниматор-режиссер Дидар Нұрлаев режиссерлік еткен. Ал сценарийін Шыңғысхан Ермахан және Сенбек Руслан жазған.
Режиссер Дидар Нұрлаевтың сөзінше, мультхикая 2D мен 3D форматтарын біріктірген. Командадағы бас аниматор Руслан кейіпкерлерді 2D форматта жасап шығарған. Ал суретші Мади қоршаған ортаны 3D түрінде істеген.
«Осының арқасында комбостиль дайын болды. Кейінгі уақытта мұны шетел аниматорлары жиі қолданып жүр. 2D кейіпкерлердің бейнесін Жансара дизайнер алдын ала жасап алды. Ол жанынан, алдынан, артынан қарағандағы түр-әлпетін салып шықты. Бойын да өлшеді. Сонымен бірге әрбір іс-қимылын, эмоциясын, мимикасын сызба түрінде дайындап қойды. Кейін Руслан өзіне керек бейнені алып, қозғалысқа түсірді. Ол Moho деген бағдарламада Жансая салған суреттерге жан бітірді. Содан соң дайын болған анимацияны Blender атты бағдарламаға көшірдік», — деді ол.
Жоба жетекшісі Парасат Танен бұған дейін де балаларға арналған контент жасаған. Ол Ordagen жобасы аясында «Orda ертегілері» кітабын шығарды. Сонымен бірге 1 000-ға жуық ертегіні қамтыған OrdaGen мобайл қосымшасын ұсынды. Ол бұл мультсериал қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтетуге көмектесіне сенімді.
«Кейбір туған-туыстарым мен достарымның балаларының тілі қазақ тілінде дұрыс шықпады. Өйткені көретіндері – өзге елдің анимациялық өнімдері. Өзім де әке болғандықтан, балаларымның болашағы үшін уайымдаймын. Алғаш Айбек Қуатбайдан мультфильм түсіру жайлы идея түскенде ерекше қуандым. Тез арада команда жасақтап, жұмысқа кірісіп кеттік», — дейді ол.
Сериалды Ordagen жобасының YouTube-каналынан тегін көруге болады.