– Ordagen қандай мақсатта қолға алынды?

– Жобаға кіріспес бұрын “Мектепке дейінгі аудиторияға арналған контентті қолға аламыз ба әлде мектеп бітірген ересектерге бір дүние ұсынамыз ба?” деген таңдау тұрды. Ақыры балаларымыздың түрлі мультфильм көріп, өзге тілде сөйлеп жүргенін көріп, біріншісін таңдадық. Әрине, әдетте ересектерге арналған контент балаларға арналған дүниеден гөрі өтімдірек. Табыс табу үшін мектеп бітірген жұртпен жұмыс істеген де оңайырақ. Бірақ біз елге пайдамыз тисін, балаларымыз қазақша контентпен сусындап, ертегі жаттап өссін деген ниетпен осы жобаны қолға алдық.

Балаларға ертегі жазайық деп отыра қалып, шығара салмаған жоқпыз. Балаға бірдеңе беру үшін онымызды құндылықтарға негіздейік дедік. Ойлана келе, ертегілерді төрт құндылық бойынша топтастырдық. Біріншісі – адами құндылықтар. Ол үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, ата-ананы қадірлеу, досқа адал болу, жауапкершілік алу сияқты әдеттер арқылы түсіндіріледі. Екіншіcі – ұлттық құндылықтар. Отанды сүю, жәдігерлерді жаңғырту, елге қызмет ету және тағы басқа. Үшіншісі – таным құндылығы. Баланың таным көкжиегін ашуға талпындыру, әлемді, айналаны зерттеп, жаңалық ашуға ынталандыру. Соңғысы – қоршаған ортаға қатысты құндылықтар. Мұндай ертегілерде табиғатты аялау, жан-жануарға қамқор болу, өзі өмір сүретін ортаның әр тасын қадірлеу туралы айтылады. Осы төрт құндылыққа негіздеп, 11 тақырып бойынша ертегілерді шығарып жатқан жайымыз бар.

кітап
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

– Ертегіні кімдер жазады? Олардың шығармасын тексеретін арнайы комиссия бар ма?

– Түрлі автормен жұмыс істеп жатырмыз. Мысалы, балаға үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйрету үшін автор жақсы мен жаманды қатар келтіріп, бір жарым, екі бет ертегі жазады. Әдетте ата-ана “Мына балаларға оқитын бірдеңе болса” деп жатады. Қазір бізде 25 автор жұмыс істейді. Шығармалардың басы ертегі, аяғы әңгіме болып кетпеуін тексереміз.

Қазір үш редакторымыз бар. Автор көсіліп жаза алды ма, ойын қаншалық жеткізді – осының бәрі тексеріледі, талқыланады. Редакторлар да бұрын әңгіме, ертегі жазған адамдар. Осыған дейін біраз автор ертегісін ұсынды. Онда да ішінен іріктеп, жаза алады-ау дегенін таңдап жатырмыз. Кейде редакторлар бір ертегіні шығару-шығармау жағын шеше алмай қалса, балабақша тәрбиешісіне жүгінеміз. Сол ертегіні балаларға оқытып, олардың реакциясын сұраймыз. Осылайша кейде ертегіні балақайлардың өзі таңдап жатады. Жалпы кез келген автор, ертегі жазатын адам бізге келіп, шығармасын ұсына алады. Ол жағынан шектеу жоқ, ашықпыз. Мықты авторлар болса, тек қуанамыз.

Қазір Ordagen-де 600 ертегі бар, оның 400-і заманауи сипатта 100-і фантастика жанрында, 100-і – дүниежүзі халықтарының ең мықты ертегілері. Бірақ осы көлеммен шектеліп қалмаймыз ғой, сондықтан авторлар әрдайым қажет. Тек қойылатын шарт бар: ертегі басқа ешқайда жарияланбауы, жіберілмеуі керек.

Парасат Танен
Парасат Танен. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

– Ordagen – онлайн платформа, бірақ кітабы да бар. Солай ма?

– Басында идеямыз кітап шығару еді. Кейін оны платформаға жинап, кез келген адам ашып, оқитындай еткіміз келді. Онда тіпті ұнаған ертегіге лүпіл басып кетуге болады. Ең көп лүпіл жинаған әрі жиі оқылған ертегіге мультфильм түсірмек мақсатымыз бар. Қазір алғашқы кітапты шығарып, халыққа ұсынып отырмыз. Жыл соңына дейін 12-сі шығады. Қазақстанның ірі қалалардан басқа аймақтарында интернет мегаполистегідей болмауы мүмкін. Сондайда бала ертегіні оқи алмай қалмасын, мына кітап ауыл-аймаққа жетсін деп отырмыз.

Кітапты шығарғанда да суретті қай бетке орналастыратынымызды, QR кодты ертегіден кейін қоюды, шрифтті ауыстыруды – бәрін ұзақ талдап, қайта-қайта жасап көріп, бір шешімге келдік. Бала кітапты алып, ертегіні оқиды. Кейін QR код арқылы оның аудионұсқасын тыңдай алады. Әзірше мына кітапта 33 ертегі бар. 600-дің ішінен осынша ертегіні таңдау қиынға соқты.

Жалпы жоба 2020 жылдың сәуірінде, карантин кезінен басталды. Ал 21 желтоқсанда іске қосылды. Ordagen туралы айтқанда оны жетіге бөліп, қарастырамыз. Олар: Ordagen порталы, мобайл қолданбасы, онлайн кітап дүкені, Smart TV және мультфильм, Ordagame ойындар.

кітап
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

– Балаларға арналған өнімнен табыс азырақ болады деп айтып қалдыңыз. Ordagen өзін ақтап жатыр ма?

– Кез келген салада ересектердің үлесі басым келеді. Мектеп бітірген жан қалаған дүниесін өзі сатып ала алады. Ал бала ата-ананың табысына тәуелді. Сондықтан балаларға арналған дүниеден ересектерге жасалған жоба табыстырақ келеді. Дегенмен Ordagen-нен табыс түсіп жатыр. Түскен қаражатты мультфильмге жұмсаймыз. Ал анимация жалпы арзан дүние емес.

Осы ретте айта кету керек, Ordagen-ді ешкім қаржыландырып жатқан жоқ. Осы күнге дейін жиған тәжірибеміз бен түрлі кәсіптен түскен қаражатымызды салып, бастап кеттік. Өзім 4 класқа дейін күнде ертегі тыңдайтын уақытты тағатсыздана күтетінмін. Кеше айтылған ертегі бүгін қайталанса, тура солай айтылуын қадағалайтынмын. Сәл өзгеріс болса, “Кеше бұлай емес еді” деп тұрып, тыңдайтынмын. Үлкендер балаға бірнәрсенің дұрыс емес екенін тікелей емес, ертегі арқылы, соның ішіндегі бір кейіпкер арқылы жеткізетін. Сондықтан бала тәрбиесінде ертегінің орны қашанда ерекше.

Парасат Танен
Парасат Танен. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Біраз танысымыздың балаларының тілі орысша шығады, сол жанымызға батады. Сонымен қатар үйде бала жыламасын деп түрлі елдің, мәдениеттің мультфильмін қосып береді. Сосын бала орысша сөйлемегенде не істейді? Осыны көрдік те, қазақша сапалы мультфильм неге жоқ екенін талдай бастадық. Біраз кері шегінсек, мықты авторлардың тапшы екенін көреміз. Ал бізде кей елмен салыстырғанда әдемілеп айтып бере алатын тарих бар. Ал тарихи оқиғалар балаға түсінікті әрі қызық болуы үшін соған лайықтап ұсынуымыз керек.

Ordagen-нің жетекшісі мен болғаныммен осы жобада біраз адамның үлесі бар. Бұрын кәсіппен айналыстым. Бірақ іште еліме көмегім тисе екен деген ниет тұрады. Материал дүние емес, рухани бірнәрсе жасағымыз келді. Ordagen сияқты жоба бұрын-соңды болмады. Табыс әкелу-әкелмеуі де неғайбыл. Бірақ өсіп келе жатқан балаларға, елге пайдалы болатын дүние шыққанда оны халық өзі-ақ көтереді. Осы жобада 80-ге жуық адам жұмыс істеп жатыр. Бүкіл топтың “Елге қызмет етсем, Отаныма пайдам тисе” деген ниеті бар.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

– Ordagen қолданбасы іске қосылды. Білеуімше, қолданбаға ақылы түрде жазылу керек?

– 2020 жылдың 21 желтоқсанынан бастап наурыздың соңына дейін Ordagen ертегіні тегін оқуға, тыңдауға болатын платформа болды. Қазір де солай, бірақ біз оны ақылы еттік. Қолданбаны ең бірінші жүктегенде алғашқы бес күн ертегіні тегін оқып, тыңдауға болады. Әрі қарай айына 1490 теңге төлеп, жазыласыз. Бірден алты айға немесе бір жылға жазылуға да болады. Мобайл қолданбаны ашқан адамға бірден “Сатып алыңыз” деп бас салғымыз келмеді. Алғашқы бес күн адам тегін оқып көрсін, ақтарсын, баласына керек пе, керек емес пе, ойлансын дедік. Бес күнде адам өзі де нақты шешімге келеді. Ал мұндай дүниелер тегін бола берсе, қадірі де болмайды. Тегін алынған нәрсе кейде оқылмай да қалады. Ал сатып алынған дүниені уақыт арнап, күн тәртібін ыңғайлап болсын, қарауға тырысасың.

Ordagen қолданбасы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

– Қазір қанша адам мобайл қолданбаны пайдаланып жүр?

– 75 мыңға жуық адам Ordagen-ді жүктеп алған. Мақсатымыз – балаға кітаптың құнды екенін білдіру, кітап оқуға баулу. Осы ертегілердің желісінде ойын шығарамыз. Ол да қарапайым ойын болмауы керек, ертегідегі кейіпкерге, оқиғаға қатысты болғаны дұрыс. Бала ойынды ашқанда “Осы батыр туралы мына ертегіден оқи аласың” дегендей байланыс болғанын қалаймыз.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қазір мына кітаптың бағасы – 6900 теңге. Ішінде 33 ертегі топтастырылған. Бұл кітапты Ordagen платформасы арқылы тапсырыс беріп, сатып алуға болады.

Ordagen қолданбасында ертегіні тақырыбы, авторы арқылы таңдауға болады. Жас шектеуі де жазылған. Лүпіл басып, пікір қалдыруға болады. Сол арқылы ең көп оқылған ертегі де алдыңғы қатарға шығып тұрады. Ертегіні түнде оқысаңыз, экран режимін де ауыстыра аласыз. Шрифтті де өзгертуге болады. Жалпы мобайл қолданбаның мүмкіндігі көп, ыңғайлы.

– Қазір ең алғашқы орында қай ертегілер тұр?

“Ерке ханшайым” деген ертегіміз оқырман даусымен көш бастап тұр. Одан кейін “Адал еңбек” деген ертегі танымал.

– Балалар мен ата-аналардың пікірі қандай?

– Жаман емес, бүгінге дейін қаншама жақсы пікір естіп жатырмыз. Кітапты шығарған күні 100-ге жуық адам хабарласып, қайдан сатып алуға болатынын сұрады.

Парасат Танен
Парасат Танен. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

 

– Оқырман болашақта Ordagen жобасынан не күте алады?

– 2021 жылы 50 қысқаметражды мультфильм шығаруды мақсат етіп отырмыз. Youtube-қа жүктеп, балаларымызға ұялмай көрсететіндей сапалы болуы үшін еңбектенеміз. Кез келген сын-пікірге ашықпыз. Көш жүре түзеледі. Көздегеніміз –  табыс емес, құндылықтарды дәріптеу, балаларға пайдалы дүние шығару.

Ordagen-дегі “орда” сөзін біздің ертегілерді оқып өскен бала 20-30 жылда орда бұзатын емес, жаңа орда құратын азаматқа айналсын деген ниетпен алдық. Gen – generation – ұрпақ деген мағына. Ordagen-нің эмблемасында “о” әрпінің орнында шаңырақ белгісі тұр. Біріншіден ол – “о” әрпі. Екіншіден, ол – шаңырақтың, орданың белгісі. Үшіншіден, алға қарай жүріп бара жатқан арбаның дөңгелегі. Төртіншіден, ДНҚ белгісі.

– Әңгімеңізге рақмет!