Бірқатар мемлекеттің басшылары Тоқаевты жеңісімен құттықтады

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының кезектен тыс президент сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтады.

Мемлекеттер басшылары келесі жылдың басында екі елдің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толатынын атап өтті. Тараптар Қазақстан мен Тәжікстан халықтарының игілігі жолында ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар президенттер халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Өзбекстан президенті де Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевты кезектен тыс президент сайлауындағы жеңісімен құттықтады.

Мемлекет басшысы бүгінде екі ел арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келе жатқанын және стратегиялық серіктестік деңгейіне толық сай келетінін атап өтті. Президенттер қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігі мен одақтастығының қазіргі жағдайын және даму перспективаларын талқылады. Сонымен қатар алдағы кездесулердің кестесін қарастырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаровпен телефон арқылы сөйлесті.

Жапаров Тоқаевты президент сайлауындағы сенімді жеңісімен құттықтап, жоғары мемлекеттік қызметіне табыс тіледі. Мемлекет басшысы құттықтағаны үшін Садыр Жапаровқа ризашылығын білдіріп, Қырғызстанмен арадағы көп жақты қарым-қатынасты одан әрі нығайта беретініне ниетті екенін жеткізді. Әңгімелесу барысында тараптар қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.