Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевқа гуманитарлық көмек үшін алғыс айтты

Тараптар COVID-19 пандемиясы жағдайында оның жағымсыз салдарын еңсеруде өзара жәрдемдесуді жалғастырудың маңыздылығын айтты.

Тәжікстан Республикасының президенті Эмомали Рахмон Қазақстан президентіне 2020 жылы тәжік еліне көрсетілген гуманитарлық көмек үшін алғыс білдірді.

Қазақ-тәжік қарым-қатынастарының негізгі драйверлерінің бірі болып табылатын сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың оң үрдісін қанағаттанушылықпен атап өтті.

Мемлекет басшылары үкіметтерге екіжақты сауда көлемін алдағы 5 жылда 2 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғайту мақсатында жаңа тәсілдер әзірлеуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон.
Фото: Akorda.kz

Қазақстан мен Тәжікстан президенттері сонымен бірге көші-қон саласындағы ынтымақтастықты жалғастырудың қажеттілігін растады.

Білім беру, соның ішінде түрлі бағыттар бойынша мамандар даярлау саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге өзара қызығушылық білдірді.

Екі елдің жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақ және тәжік студенттері үшін білім гранттарының санын екі есеге көбейтуге келісті.

Айта кетейік, мұның алдында Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан президентін Қазақстанға ресми сапармен шақырды.