Кәсіпкерлерді бопсалап ақша алатын қылмыстық топ ұсталды

Ақмола облысындағы арнайы операция нәтижесінде ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті бөлімшелерінің қызметкерлері жергілікті кәсіпкерлерден ақша бопсалаған қылмыстық топтың 6 мүшесін ұстады.

Қылмыстық топтың қоқан-лоққы көрсетіп, күш қолдану арқылы жергілікті кәсіпкерлердің бірінен 2,5 миллион теңге бопсалап, оның Subaru Outback автокөлігін тартып алғаны анықталды. Бүгінгі күні ұсталғандардың облыс аумағында бірқатар ұқсас қылмыстар жасауға қатысы бары белгілі болды. Жедел ақпарат бойынша бұрын бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған күдіктілер «ұрылар идеологиясын» ұстанып, оны жастар арасында насихаттаған. Сонымен қатар топ мүшелері қару қолданып, ақша бопсалаған. Мұнда олар талап қою үшін жалған сылтауларды қолданған. Тінту барысында олардан жәбірленушілерді қорқыту үшін қолданылған есірткі, суық және атыс қаруы тәркіленді, — делінген хабарламада.

Осы фактілер бойынша ҚР қылмыстық кодекстің 194-бабының 2-бөлігімен «Бопсалау» сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілер қамауға алынды.