Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Атырау облысына барды

Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырау облысына жұмыс сапары басталды, — делінген хабарламада.

Жұртшылықпен кездесу барысында президент Атырау өңірінен шыққан тарихи тұлғаларға тоқталып кетті.

Атырау алқабы – табиғи байлығымен қатар тарихи мұраларымен де танымал өлке. Өңірде мыңдаған жыл бойы озық өркениеттер болған. Бұл жерден табылған«Алтын адам» – соның бір айғағы. Көненің көзіндей Сарайшықта атақты хандарымыз ордасын тіккен. Шаһар кезінде ең ірі және ең дамыған қалалардың бірі болғаны баршаға мәлім. Иманқара үңгірі, Ақмешіт қорымы және басқа да тарихи орындар қазақтың сан қилы шежіресінен хабар береді. Осы аймақтан Исатай мен Махамбеттей батырлар, Мұрат пен Шернияздай ақындар шыққан. Бұл өлке қазақ руханиятында орны бар ақын-жазушыларымен, зиялы азаматтарымен танымал. Әнұранымыздың авторы Жұмекен Нәжімеденов – осы өңірдің тумасы. Сонымен қатар Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиев, Зейнолла Қабдолов, Фариза Оңғарсынова, Қаршыға Ахмедияров, Рақымжан Отарбаев және басқа да біртуар тұлғаларды атап өтуге болады. Бүгін арамызда Қазақстанның еңбек ері Илья Жақанов ағамыз бар. Бәріміз бұл аса көрнекті композитор, жазушы, өнертанушы тұлғаны мақтан тұтамыз. Қаймағы бұзылмаған қазақтың байырғы мекені қай жағынан алып қарасақ та, қарқынды дамып келе жатыр. Біз мемлекеттік саясатта«Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидатын ұстанамыз, — деді президент.