Атырауда 600 орындық мектептің құрылысы аяқталды

Үш қабатты мектептің құрылыс жұмысы 2019 жылы басталды. 3 гектар жерге орналасқан білім ордасының мердігер мекемесі «БатысАльянсСтрой» ЖШС. Ғимараттың жалпы ауданы 8 478 шаршы метр.

Қазіргі уақытта нысанды теңгерім ұстаушыға беру үшін құжаттары жасақталып жатыр. Мектеп заманауи үлгіге сай жасақталынған. Мұнда оқу кабинеттері  интерактивті тақтайшалармен және лаборатория кабинеттерімен жабдықталған. Мектеп асхана, спорт алаңы, жүгіру жолы, теннис, футбол, баскетбол алаңдары, сонымен қатар балалар ойнайтын лабиринт, сырғанақ құрал-жабдықтарымен қамтылған, — деді облыстық Құрылыс басқармасының бастығы Нұрберген Құсайынов.

мектеп, сабақ, парта, орындық
фото: Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі

Ал қалалық білім бөлімінің басшысы Фаруза Шангереева жаңа мектептің ашылуы үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге оң ықпал ететінін жеткізді.

1-11 кластар бойынша алдын-ала жинақталған мәліметке сай «Балауса» ықшам ауданында тұратын 616 оқушы жаңа мектепке ауысады. Ашылғалы отырған №43 орта мектепке баратын оқушылардың көпшілігі бұған дейін М.Өтемісов атындағы орта мектепте оқып келсе, бұл оқу орны үш ауысымда оқыту қауіпінде тұрған. Жаңа мектептің пайдалануға берілуі осы мәселені шешеді, — деді Шангереева.

Айта кетейік, аталған мектеп жыл соңына дейін толықтай пайдалануға беріледі.

спорт залы, мектеп
Фото: Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі