Шетелдегі 75 ғалым елге оралды

Қазақстанда ғылыммен айналысу үшін барлық жағдайлар жасалып жатыр. Бұл туралы «ҚазАқпаратқа» берген сұхбатында Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Еркін Садықов айтты. Оның айтуынша, елімізде бірлескен ғылыми зерттеулерді өткізу үшін шетелден ғалымдар тартылып жатыр, оның ішінде сырт мемлекетте жүрген отандық ғалымдар да бар.

Оларға ыңғайлы орта қалыптастыру үшін заманауи зерттеу құрал-жабдықтары бар Назарбаев Университеті жанынан «Astana Business Campus» инновациялық кластері салынып, инновациялық кластерлік даму туралы заңнама жасақталған. Сондай-ақ Инновациялық теxнологиялар паркі құрылған.

«Менің ойымша, осы мекемелерде жасалып жатқан жағдайлар жас отандық ғалымдарға ғана емес, шетелде жүрген қазақстандық мамандар үшін де тартымды»,-дейді Садықов.

Осының арқасында соңғы 2 жылда елімізге түрлі салалардағы 75 қазақстандық ғалым оралды. Оның ішінде Назарбаев Университетіне — 26, Еуразия ұлттық университетіне — 5, Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық теxникалық университетіне 2 ғалым келді.

Еркін Садықов сұхбат барысында еліміздегі ғалымдардың қанша еңбекақы алатыны да атап өтті. Оның сөзіне сүйенсек, мемлекеттік секторда жұмыс істейтін ғалымдар орташа есеппен 128 мың жалақы алады, білім беру саласында — 60 мың теңге, кәсіпкерлік — 218 мың теңге, коммерциялық емес секторда — 161 мың теңге. Бұл негізгі қызметтеріне қосылатын қосымша сыйақы екен.

Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің мәліметтеріне сүйенсек, ғылыми зерттеулермен айналысып жатқан 35 жасқа дейінгі ғалымдардың саны соңғы 5 жылда 39%-ға артқан. Қазір олардың саны — 9 мың. Ал шетел асып кеткен ғалымдардың саны 31 адамды құрайды, олардың басым бөлігі АҚШ-та, Батыс Еуропа елдерінде, Израиль және өзге мемлекеттерде еңбек етіп жатыр.

ДереккөзInform.kz