«Болашақ» бағдарламасына 14 қазанға дейін құжат тапсыруға болады

Бұл туралы халықаралық бағдарламалар орталығы биыл магистратура мен резидентураға 385 стипендия, докторантураға 60 стипендия, тағылымдамадан өтуге 110 стипендия бөлінгенін мәлімдеді.

23 мамырда «Болашақ» бағдарламасы бойынша магистратура, докторанутра және резидентураға түсу үшін, 5 қыркүйекте жетекші ЖОО-лар мен ұйымдарда шетелдік тағылымдамадан өтуге құжаттар қабылдау басталған болатын.

Конкурстық іріктеу толығымен онлайн режимде өтеді. Үміткерлерге онлайн платформада жеке кабинет ұсынылады. Онда барлық хабарландыруларды бақылауға, жоспарланған іріктеу турларынан өтуге және нәтижені білуге болады.

Конкурстық іріктеуге кез келген азамат қатыса алады, жас шектеуі жоқ. Өтінім тапсырған кезде оқу, тағылымдамадан өту және кейінгі еңбекпен өтеу мерзімі зейнеткерлік жастан аспауы тиіс.

Өтінімдер 14 қазанға дейін eGov.kz. мемлекеттік қызметтер порталында қабылданады.