Тоқаев халықаралық шахмат федерациясының президентімен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Аркадий Дворковичті Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті лауазымына қайта сайлануымен құттықтады.

Бұл туралы БОРТ N1 Telegram-каналы хабарлады.

Кездесуде Астанада әлемнің 12 мықты шахматшысының басын қосқан FIDE гран-при әйелдер сериясының бірінші кезеңі туралы айтылды.

Тоқаев мұндай жарыс өткізу еліміздегі шахмат спортының дамуына үлкен үлес қосатынын айтты.

«Қазақстанда шахмат балалар мен жастар арасында танымал. Бізде 7 мыңнан астам секция жұмыс істейді, бірақ бұл көрсеткішті әлі екі есе арттыруымыз керек. Қазір шахматпен 200 мыңнан астам адам айналысады. Қазақстандық шахматшылар халықаралық жарыстарға қатысып жүр. Біз бұл спортты қолдауға баса мән береміз. Шахматты дамытудың жол картасы әзірленді. «Мектептегі шахмат» ауқымды жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз», – деді Тоқаев.

Тоқаев пен Дворкович Қазақстан мен FIDE арасындағы ұзақмерзімді ынтымақтастық мәселелері жөнінде сөйлесіп, елімізде ірі халықаралық турнирлер өткізу перспективаларын талқылады.