Батыс Қазақстанда бес ауданның мектептеріне 9 автобус берілді

Көлік кіттерін тапсыру салтанатына облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Еліміздің ертеңін қалайтын, болашаққа апаратын жасөспірімдердің сапалы білім алуы және қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Нақты айтқанда, бұл бағытта облыс әкімдігі, жергілікті атқарушы органдар тарапынан кешенді шаралар алынуда. Солардың қатарына шәкірттердің сапалы білім алуына қажетті жағдайларды туғызу да кіреді. Осы орайда, оқушыларды мектепке күнделікті тасымалдауды сапалы ұйымдастыру және автокөліктерді жаңарту мақсатында облысқа жаңа 54 автобус беріледі. Мектептері жоқ 73 елді мекенде тұратын 4062 бала білім алуы үшін күн сайын барлығы 56 мектепке көлікпен жеткізіледі. Балаларды тасымалдауға арналған көліктерді жаңарту мақсатында лизинг арқылы автотранспорт алынуда. Бүгін «ПАЗ» маркалы автобусын Ақжайық, Бәйтерек, Жаңақала, Казталов, Сырым аудандарының мектептеріне салтанатты түрде табыстадық. Жаңа көліктер оқушыларымыздың игілігі үшін қызмет етсін. Оқу жылы табысты болсын!», — деді Бақытжан Хаберұлы.

Қорыта айтсақ, бүгін облыстың Сырым, Жаңақала аудандарына бір-бірден, жер көлемі үлкен, халқы көп, тыңыз орналасқан Бәйтерек және Ақжайық аудандарына екеуден, Казталов ауданына үш, барлығы тоғыз дана, 21 орындық «ПАЗ» маркалы автобустың кілті тапсырылды. Автобустарды лизинг арқылы сатып алу үшін 2 миллиард 799 миллион теңге бөлінді.

Ақпарат үшін айта кетер болсақ, Батыс Қазақстан облысы бойынша 2022-2023 оқу жылында 380 жалпы білім беретін мектеп жұмыс жасайды, оларда 118 мыңнан астам оқушы білім алады. Биыл 1 сыныпқа 14 мыңға жуық оқушы қабылданды.