Ұлттық Комиссия ана мен бала денсаулығы бойынша зерттеу қорытындысын жасады

ҚР Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия әйелдердің денсаулығын қорғау мәселелерін және ана мен бала өлімінің проблемаларын қарастырды. Ұлттық комиссияның сараптамалық мониторингтік тобы өңірлерге барып, осы мәселенің жай-күйін зерттеді.

Ұлттық комиссия отырысына сарапшылар қауымдастығының өкілдері, өңір әкімдерінің орынбасарлары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Ұлттық комиссия төрағасы, ҚР президенті әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева ана мен бала денсаулығын қорғау саясаттың маңызды бөлігі екенін атап өтті.

Өңірлердегі мониторингтік сараптама тобының жұмысын сенатор Ләззат Сүлеймен басқарды. Ұлттық комиссия отырысында ол босанатын әйелдер мен жаңа туған нәрестелер арасындағы өлім-жітімнің өсуінің негізгі тенденцияларын атап өтті. Сенатор өңірлердегі перзентханаларға, перинаталдық орталықтарға барып, қатардағы дәрігерлермен және босанатын әйелдердің өздерімен тікелей байланыс жасаған сарапшылардың жұмысына тоқталды.

Акушерлік, гинекология және перинатология саласындағы сарапшы Зәуреш Аманжолова амбулаториялық және стационарлық көмектің оң және кейбір мәселе туғызатын тұсына тоқталды.

С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің балалар аурулары кафедрасының профессоры, неонатолог Нишанкүл Божбанбаева нәрестелер өлімін төмендету бойынша ұсыныстар жасады.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ағымдағы жағдай мен осы саладағы жұмыс жүйесін жетілдіру шаралары туралы баяндады.

Айтылған баяндамалар мен пікірлерді ескере отырып, отырысқа қатысушылар ана мен баланы қорғау саясатын қайта жүктеу, орталық және өңірлік деңгейлерде қабылданатын шараларды жетілдіру кежет деген тұжырымға келді.