Қостанай облысында бес ауылдың аумағында өрт сөндіріліп жатыр

5 қыркүйек таңғы сағат 09:00-дегі ақпарат бойынша орман аумағындағы 5 учаскеде өрт сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олар — Аманқарағай, Лесное, Озерное, Бағаналы және Калинино ауылдары. Өрт шарпыған жердің жалпы көлемі 5 шақырым, — делінген хабарламада.

Ақпаратқа сәйкес, қазіргі таңда Новонежин ауылында төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелерінің көмегімен зардап шеккендерді қабылдайтын шатырлар тігілген. Өртті сөндіруге 224 техника мен 7 әуе кемесі жұмылдырылған. Сонымен қатар жеке құрамның 1893 адамы қызыл жалынды ауыздықтау жұмысын жүргізіп жатыр.

Еске салайық, Қостанай облысына қарасты Әулиекөл ауданындағы өрт салдарынан 98 үй өртеніп кеткен.

Өрт салдарынан 1936 жылы туған бір тұрғын қаза болды. Ал өрт кезінде 10 адам жарақат алды. Оның төртеуі қазір ауруханада жатыр.