Қостанай облысындағы өрттен бір адам қаза болды

«Түнгі сағат 12-дегі жағдай бойынша зардап шеккендер мен қаза болғандар жайлы ақпарат болмаған. Бүгін таңертең Аманқарағай ауылында үйінділерді аршу кезінде бір адамның өлгені анықталды. Бұл 1936 жылы туған, мүгедек адам. Учаскелік инспектор эвакуация кезінде оған хабар берген, бірақ ол басқа жаққа кетуден бас тартқан, бірақ соған қарамастан адам өлімі фактісіне қатысты тергеу амалдары жүргізіледі», — деді министр.

Төтенше жағдайдың салдарын жоюға тартылған жергілікті атқарушы органдар мен бөлімшелер тарапынан уақтылы қабылданған шаралардың нәтижесінде кешегі тәулікте елді мекендерден 1 800-ден астам адам эвакуацияланды.

Министрліктің хабарлауынша, өрт аумағы 43 мың гектардан асқан. Сенбі күні түнде оның аумағы 9 мың гектар деп айтылған еді.

Еске салайық, Қостанай облысындағы өрт 2 қыркүйекте сағат 15.10-да басталған. Оттың таралуына жоғары температура мен секундына 20 метрге дейін болған екпінді жел әсер еткен. Бұл өрт орман алқабының үлкен аумағына тарап кетуіне, сонымен қатар елді мекендерге қауіп төндірді.