Асылбек Баяжұма: Президент тапқыр дипломат екенін дәлелдеді

Біріншіден, президент сайлауын биыл күзде, ертерек өткізетіні құптарлық. Енді президенттер тек бір мерзімге сайланады. 7 жылдың ішінде басшы ойға алған істерін атқарып үлгереді.

Екіншіден, келесі жылы өтетін парламент сайлауы. Заман өзгерді, геосаяси ахуалдарды көріп отырмыз. Осындай кезеңде өзгеріске бейім, жаңашыл, белсенді азаматтар келгені жөн. Жаңа партиялар құрылып жатыр, бәріне мүмкіндік берілді. Мұның бәрі елдің демократиялық жолмен дамуы үшін керек.

Үшіншіден, ұлттық қордан балаларға ақша аударылатын болғаны қуантады. Мемлекет байлығын халық көруге тиіс. Мұндай тәжірибе әлемнің көп елінде бар екенін бұрыннан білеміз. Осы қадам – мемлекеттің ең үлкен көмегі.

Төртіншіден, балабақшадағы тәрбиешілердің жалақысын көтеру жайлы айтқаны көңіліме қонды. Тәрбиешілердің көбі 60-70 мың теңге ғана жалақы алады, ұзаса 150 мың теңге. Өзгенің баласын тәрбиелеу оңай іс емес. Психилогиялық жағынан шаршайды. Сондықтан оларды қолдау қажет екені сөзсіз.

Соңғысы әрі ең негізгісі, жемқорлардың қайтарған қаржысына мектептер салу шешімі өте дұрыс. Қолды болған ақша келешек ұрпақтың білім алуына септессе игі. Жалпы алғанда, Қазақстанның жылдам дамуға көшкені байқалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тағы да өзінің тапқыр дипломат екенін дәлелдеп, саяси әдістерді алдын ала ойластырғаны анық.