Білім күні: Қазақстанда жаңа оқу жылы басталды

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл 400 мыңға жуық бүлдіршін бірінші класқа барады. Жалпы 3,7 миллион оқушыны қамтитын 7,6 мыңнан аса мектепте Білім күніне арналған салтанатты жиын, сонымен қатар «Терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбында сынып сағаты өтеді. Салтанатты жиынды өткізу форматы мен қатысушылар құрамын мектептердің өздері айқындайды.

Жаңа 2022-2023 оқу жылында не өзгереді?

  • Оқу жылы 31 мамырға дейін ұзартылды;
  • 1-класс оқушылары тек ана тілінде білім алады. 2-класта орыс тілі, 3-класта ағылшын тілі қосылады;
  • Миллионға жуық оқушыға тегін тамақ беріледі;
  • Шәкіртақы өседі: бакалавриат стипендиясы 20%-ке, магистратура мен доктарантура шәкіртақысы 15%-ке көтеріледі;
  • Мектеп формасына қойылатын талап өзгермейді. Оқушылар жаңа оқу жылына дайындаған формамен, ал мектеп формасы жоқтар классикалық киім үлгісімен бара алады;
  • Үш ауысымдық мектептерді қоспағанда, 7 мыңнан аса мектеп бес күндік оқыту форматына көшеді;
  • 1 қыркүйекте еліміздегі барлық мектепте салтанатты жиын өтеді. Алғашқы қоңырауға аниматорларды, әртістерді шақыруға, мерекелік дастархан жаюға, мектеп ғимараты мен аумағын шарлармен безендіруге болмайды.