Жаңа оқу жылында оқушылар 192 күн демалып, 173 күн оқиды

Жаңа оқу жылында елімізде 7 мыңнан аса мектеп жұмыс істейтін болады. Оларға жалпы саны 3,6 миллион бала келеді және оқушыларға 384 мыңнан астам педагог сабақ береді. Дәстүр бойынша, 1 қыркүйекте республиканың барлық мектебінде білім күніне арналған салтанатты іс-шаралар, сонымен қатар «Терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбында сынып сағаты өтеді, — деді ол орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, салтанатты шараны өткізу форматын, қатысушылар құрамын білім беру ұйымдары өздері айқындайды.

Оқу жылы 1 қыркүйекте басталып, 31 мамырға дейін, яғни 36 аптаға созылады. Жаздың алғашқы күнінен бастап оқушылар дәстүрлі түрде жазғы демалысқа шығады. Тиісінше, жаздың 3 айында балалар толығымен демалады. Жалпы, бір оқу жылында балалар 4 рет демалады. Бұл жерде ешқандай өзгеріс жоқ. Жазғы демалыс күндерін қосқанда балалар жалпы 192 күн демалады, ал 173 күн оқиды. Оқу жылының 36 апта болуына байланысты үш ауысымды мектептерді қоспағанда 7 мыңнан астам мектеп жаңа оқу жылында бес күндік оқыту режиміне көшеді. Бұл мектептерде 3,4 миллион бала және 300 мыңнан астам педагог бар, — деді Шолпан Каринова.