Биыл 34 мың орынға арналған 322 балабақша ашылады

«Білімді ұлт» сапалы білім беру ұлттық жобасын іске асыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Балабақша, мектеп, колледж және қосымша білім деңгейлері бойынша 12 көрсеткішке қол жеткізу және 20 іс-шара орындау қарастырылған. Былтырғы іс-шаралар 100% орындалды. 10 көрсеткіштің 9-ына 100% қол жеткізілді. Осы жылдың алты айы бойынша да жұмыс жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр, — деді министр.

Оның айтуынша, былтыр 534 балабақша ашылып, 47 мың орын пайдалануға берілді. Нәтижесінде 2-6 жастағы балаларды қамту 88,4%, ал 3-6 жастағы балаларды қамту 99% құрады.

Яғни, республикалық көрсеткішке қол жеткізілді. Алайда алты облыс өздерінің жоспарларын толық орындамады. Мысалы, былтыр Алматы облысында балабақшаларда 14 мыңнан астам орын, ал Алматы қаласында бес мыңнан астам орын ашылса, ал осы облысқа ұқсас, адам көп шоғырланған Түркістан және Қызылорда облыстарында тек бір мыңға жуық орын ғана пайдалануға берілген. Бұл жеткіліксіз. Басқа облыстардың жоспардан тыс қосымша орын ашуының, мысалы Шымкенттің 170%, Жамбыл облысының 120% орындауының арқасында республикалық көрсеткішке 100% қол жеткіздік,- деді министр.

Министрдің айтуынша, жыл соңына дейін 34 мың орынға арналған 322 балабақшаны ашу жоспарланып жатыр.

Алғашқы алты айдың қорытындысында 12 900 орынға 140 балабақша ашылды. Әкімдіктерден осы бағыттағы жұмысты белсенді жүргізуді сұраймын, — деді Асхат Аймағамбетов.