Әлемге танымал Apple компаниясының логотипі ретінде оң жағы тістелген алманың суреті таңдалған. Танымал брендті осы алмасына қарап танимыз. Тістелген алманың пайда болуы туралы әр түрлі әңгімелер айтылады. Компанияның негізін салған Стив Джобс талай кездесулерде тістелген алманың тарихын айтудан қашқақтаған көрінеді.
Басына алма құлаған соң Исаак Ньютонның Бүкіләлемдік тартылыс заңын ашқаны баршамызға белгілі. Көптеген зерттеушілер айфондағы алманы осы оқиғамен байланыстырады.
Ғалымдардың айтуынша, компания логотипінің тез танылуына оның есте сақтауға оңай болуы әсер етеді екен. Мысалы, Mersedes, Volkswagen, Opel компанияларының логотиптері қағаз бетінде бейнелеуге өте оңай, әрі есте жақсы сақталады.
Apple-дің логотипі компанияның өзінен әлдеқайда ертеректе пайда болған. Авторлар алғашында Ньютонның алма ағашы астында отырған суретін таңдаған. Алайда бұл сурет көпшілік үшін тым күрделі болды.
Тістелген алманың суретін Regis McKenna (Regis McKenna Advertising Agency) жарнама агенттігінің өкілдері ұсынған екен. Ел аузындағы әңгімелер бойынша агенттіктің арт-директоры Роб Янов супермаркеттен көп алма сатып алып, оны әр қырынан кесіп көрген. Еңбегі нәтиже бермеген Роб Яновтан көңілі қалған Стив Джобс оның бір алмасын тістеп, егер еш нәрсе ойлап таппаса, осы алманы негізге алуды ұсынады. Алайда, бұл ел аузындағы аңыз ғана
Ақ-қара түсті алмадан қарағанда, түрлі түсті реңктер адамның назарын аудара алатындықтан, Роб Янов оны түрлі түске бояды. Осындай «алма» 23 жыл бойы қолданыста болды. Тек 1998 жылы ғана айфонның «алмасы» монохромды бейнеге ауысты.
Орта ғасырларда алхимиктер жемістерді білімнің, ақыл-ойдың белгісі санаған. Ғылымның дәмін татқан адам, оның нәрлі бөлігін өзіне алып қалады деген мағына да осыған саяды.
Адам ата мен Хауа ананың аңызы бойынша тістелген алма күнәнің белгісі саналады. Ал «Ақшақар мен 7 ергежейлі» ертегісінде тістелген алма — өлімнің, ажалдың бейнесінде көрініс тапқан.
Электронды есептеуіш машинаны (ЭЕМ) ойлап тауып, «Компьютер әлемінің Да Винчиі» атанған ғалым Алан Тьюрингтің ажалы алмадан болған дейді. Цианидті (натрий қышқылы) алманы бір тістеп, өз-өзін өлімге қиған Аланның бұл әрекеті де «алма» тарихында ерекше орын алады.
Apple-дің алмасы туралы қанша аңыз естігенмен, IPhone-ға деген махаббатымыз азаймайды. Себебі, компания логотипінің мәртебесі оның шығарған өнімдеріне қарай белгіленеді. Ал тістелген алманы көрген сайын Apple өнімдері ойға оралатыны жасырын емес.