Қазақстан Республикасы ұлттық банкінің ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1,0 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 14,5% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Тиісінше, өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 15,5%, ал өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме — 13,5% болады, — делінген хабарламада.
Ұлттық банктің бағалауына сәйкес, 2022 жылдың қорытындысы бойынша инфляция бұрынғы болжамнан асып түседі. Жаңа күтпеген өзгерістер болмаған жағдайда инфляцияның жылдық өсуі 2023 жылдың бірінші тоқсанына дейін жалғасып, одан әрі баяулайды.
Бұл шешім 2023 жылы инфляциялық процестер мен күтулерді тұрақтандырып, баяулатуға және инфляцияны орта мерзімді перспективада нысаналы көрсеткішке жақындатуға бағытталған. Қалыптасқан инфляциялық процестердің орнықтылығы, сұранысты фискалдық ынталандыру және сыртқы проинфляциялық ахуал халықтың қаражат жинақтау ниетін ынталандыру үшін ұзақ уақыт бойы базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейде ұстап тұруды талап етеді, бұл келесі жыл ішінде инфляцияға біртіндеп әсер етеді.
2022 жылғы маусымда жылдық инфляция 14,5% дейін жеделдеді. Барлық құрамдас бөліктер бойынша баға өсіп келеді — азық-түлік тауарлары (19,2%), азық-түлікке жатпайтын тауарлар (13,2%) және ақылы қызметтер (9,2%). Бұл жеткізу тізбегіндегі іркілістерге, сыртқы инфляциялық қысымның күшеюіне байланысты шығасылар инфляциясының өсуі, сонымен қатар фискалдық ынталандырудан қолдау тапқан жоғары сұраныс пен теңге бағамының әлсіреуінен туындап отыр, — делінген хабарламада.
Еске салайық, 2022 жылдың басынан бері ұлттық банк базалық мөлшерлемені үш рет көтерді. 24 қаңтарда — 9,75-тен 10,25% дейін, 24 ақпанда — жылдық 13,5% дейін, 25 сәуірде — жылдық 14% дейін.