Қаңтарда дүкеннен қару ұрлаған алматылық алты жылға сотталды

Қылмыстық іс қылмыстық кодекстің 291-бабының 3-бөлігінің 4-тармағы «Қаруды, оқ-дәрілердi, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу» бойынша қаралды.

33 жастағы И есімді сотталушы тергеумен анықталмаған адаммен бірге төтенше жағдай кезінде жұмыс істеген қару-жарақ дүкеніне заңсыз кіріп, құны 204 733 теңге Beretta Perennia III маркалы тегіс ұңғылы қарудың 1 данасын, құны 187 557 теңге ATA ARMS маркалы тегіс ұңғылы қарудың 1 данасын ұрлағаны анықталды. Сотта сотталушы И кінәсін ішінара мойындады.

Заң бойныша аталған қылмыс үшін 5 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сот үкімімен сотталушы И алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобында атыс қаруын ұрлағаны үшін кінәлі деп танылып, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, — деп хабарлады Алмалы аудандық сотының баспасөз қызметі.