Жыл басынан бері 7,4 мыңнан аса этникалық қазақ қандас статусын алды

2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 7 415 этникалық қазақ тарихи Отанымен табысып, қандас статусын алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 95,3 мың этникалық қазақ оралды, — делінген хабарламада.

Жыл басынан бері Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі (70,2%) Өзбекстаннан, 10,4% — Қытайдан, 7,4% — Түрікменстаннан, 3,2% — Моңғолиядан және 8,8% басқа елдерден қоныс аударғаны айтылды.

Этникалық қазақтар негізінен мына өңірлерге қоныстанған:

  • Алматы облысы (31,6%),
  • Маңғыстау облысы (18,3%),
  • Түркістан облысы (9,8%),
  • Жамбыл облысы (6,3%),
  • Алматы (5,7%),
  • Нұр-Сұлтан (7,1%),
  • Шымкент (8,1%).

Биыл 1 шілдедегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны — 62%, еңбекке қабілетті жастан кіші қоныс аударушылар саны — 24,1% және зейнеткерлер саны — 13,9%.

Ведомство мәліметінше, еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 11,4% жоғары білімді, 40,3% орта кәсіби білімді, 47% жалпы орта білімді және 1,6% білімі жоқ.