Бірінші мәселе — балаға протез дайындау. Бұл сұрақты облыс әкімі жеке бақылауына алып, медициналық ұйымдармен келіссөз жүргізіп, заманауи протез жасау бойынша келісімге келді. Протез тегін жасалмақ. Оны шамамен 5-6 айдан кейін салуға болады. Ал, әзірше Аманжол дәрігерлердің жіті бақылауында қалады.
Екінші мәселе — Аманжолдың отбасына қолдау көрсету. Бала облыстық балалар ауруханасының бақылауында үнемі болуы керек. Оған қамқор болып, күтім жасайтын анасы да үнемі қасында болатыны сөзсіз. Отбасы мүшелерінің бірі қалада, ал бірі ауылда қалып отыр. Соған байланысты, қорға жиналған қаражат көлемінің пәтер сатып алуға жеткіліксіз екенін ескере отырып, қалған шығындарды өтеу бойынша облыс әкімі шешім қабылдады.
Ғали Есқалиев жергілікті құрылыс компаниясының қолдауымен, көпбалалы отбасына жаңадан салынған үйден 3 бөлмелі пәтер табыстайтын болады. Жаңа үй Аманжол ем қабылдап жатқан аурухананың ауданында орналасқан, жаздың соңында құрылысы бітіп, тапсырылады.
Сонымен қатар облыс әкімі аппараты, басқа да мекемелердің қызметкерлері Аманжолдың отбасына бір күндік жалақыларын аударады. Қосымша қажеттілік болған жағдайда жергілікті билік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі.
Қорыта айтқанда, токқа түсіп, екі қолынан айырылған Аманжол балақайға 18 млн. теңгенің протезі тегін берілмек. Оған қоса, белгілі алматылық кәсіпкер Айс Мұратова да кәсіпкер баланың отбасына Оралдан екі бөлмелі пәтер алып бермекші. Сонда қамкөңіл отбасыға екі пәтер табысталатын болады. Танымал оралдық блогер Айболат Бөкенов «Осы бала назардан тыс қалмасын» деп, жанұшырып жүріп ашқан есепшотына қазір жиналған 11 млн. теңге депозитке салынбақ. Оны 1 млн. теңгесі пәтерді жөндеп, жаңа жиһаз алып беруге жұмсалмақ. Сауапты істен баршамыз қалыс қалмайық, ағайын!
