Батыс Қазақстанда азық-түлік бағасы бақылауда болады

Оған БҚО әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов төрағалық етіп, мониторингтік топтың мүшелері, кәсіпкерлер, қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Геосаяси жағдайға байланысты жалпы әлемдік нарықтарда азық-түлік бағасының өсу қарқыны байқалуда. Біздің бүгінгі таңда алдымызда тұрған басты міндет – өзімізде өндірілетін өнімдерге бағаны көтермей, ұстап қалу. Күзге салым, өңірдегі ауылшаруашылық құрылымдары жиым-терімді аяқтаған соң жеміс-жидектер мен көкөніске баға түседі деп жоспарлап отырмыз, — деді А.Өтеғұлов.

Ол үшін жергілікті тауар өндірушілер мен ірі сауда дүкендері арасында жергілікті жерде өндірілетін азық-түлікті 15% аспайтын үстемемен сату туралы меморандум жасалған.

БҚО прокуратурасының аға прокуроры Айбек Асылбековтың айтуынша, қабылданған шараларға қарамастан кейбір базарларда әлеуметтік маңызы бар тауарларға жоғары баға сақталуда. «Мысалы, шекті бағасы әр келісіне 307 теңгеден аспауы тиіс деген қант «Алтын алмада» — 600, «Мирланда» — 550, «Ел ырысында» — 650 теңгеден сатылуда, — деді аға прокурор өз сөзінде.

БҚО кәсіпкерлік басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанна Бекқалиева бағаға бақылау үнемі жүргізілуде деді.

Белгіленген межеге сәйкес дүкендер көтерме сауда орталығынан алынған тауарға тек 15 пайыз үстеме қосуға құқылы. Егер одан асып кетсе жауапқа тартылады. Кейінгі бір ай ішінде Орал қаласы бойынша 6 өтініш тілкеліп, 3 дүкенге қатысты тергеу жұмыстары жүргізілген. Өкінішке қарай кәсіпкерлік нысандардың бәрі бірдей ережеге бағына бермейді. 15% үстемені пысқырмай, 23% дейін бағаны өсірген жағдайлар байқалды.  Біз әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақты ұстап тұру мақсатында сауда желілеріне өндірушілер мен сатушылар арасында меморандумға қол қоюды ұсындық. Бүгінде «Лидер» сауда желісі келісімшартқа қол қойды. «Анвар» мен «Дина» сауда желілері ұсынысты қарастырып жатыр. Ал «Алтындар» қарсылық танытып отыр.

БҚО әкімдігі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін түсініп, жергілікті өндірушілерді қолдау мақсатында меморандумға қол қоюға шақырады, — деді Ж.Бекқалиева.

Жиын соңында баға тұрақтылығы бойынша тиісті сала мамандарына тапсырмалар жүктеді.