Бас мүфти кәсіпкерлерден оразада азық-түлікті қымбаттатпауды өтінді

Кәсіпкер азаматтарды қасиетті айдың құрметі үшін халқымыздың тұрмыс жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше 10% дейін төмендетіп, жеңілдік жасауға шақырды.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде кім бауырының қажетін өтесе, Алла оның қажетінде болады. Кімде кім мұсылманның бір қайғысын сейілтсе, Алла оның қайғы-қасіреттерінің бірін сейілтеді» деген. Рамазан – Раббымыздың мейірім-махаббатына бөленетін ай. Ендеше берекелі айдың берекетінен құр қалмайық, — деді бас мүфти.

ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат қажы Оңғар қасиетті айда азық-түлікті әдейі қымбаттату күнә екенін еске салды.

Спекуляция жасау күнә істердің қатарына жатады. Жасанды түрде бағаны өсіруге шариғатта тыйым салынған. Сондықтан Рамазан қасиетті, қайырымдылық айы екенін тағы да еске саламын. Алла разылығы үшін қаншалықты көп қайырымды іс жасасақ, ол Рамазан айында еселеніп қайтады, — деді ол.

Бас мүфти биыл Рамазан айы 2 сәуірде басталып, 1 мамырда аяқталатынын айтты. Ал 2 мамыр – Ораза айт күні. Осы жылы ораза 30 күнге созылады.

Наурызбай қажы Тағанұлы жамағатты қасиетті айда көбірек сауапты амал жасауға шақырды.