Мұнайдың биржалық сауда-саттығын енгізу ұсынылды

Бұл туралы Рrimeminister.kz хабарлады.

Мұнай нарығындағы қатысушылар санын арттыру, мұнай және мұнай өнімдері нарығындағы жағдайды жақсарту үшін мұнай өңдеу зауыттары мұнайды жер қойнауын пайдаланушылардан тікелей сатып алу, мұнайдың биржалық сауда-саттығын енгізу, мұнай өнімдерін сату көлемін ұлғайту ұсынылды, — делінген хабарламада.

Тауарлық газ нарығын реформалау бойынша биржалық сауда-саттықты енгізу және жер қойнауын пайдаланушылардың тауарлық газға қол жеткізу ережелерін қабылдау да талқыланды. Бұл жабдықтаушы ұйымдарға оны тікелей және бәсекелестік негізде алуға мүмкіндік береді.

Әлихан Смайылов энергетика министрлігіне және мүдделі мемлекеттік органдарға бұл тәсілдерді ел экономикасына әсер ету тұрғысынан қосымша талдауды тапсырды.

Сонымен қатар отырыста азаматтық авиация, қоғамдық көлік және қаржылық қызметтер нарықтарын демонополизациялау жөніндегі шаралар қаралды. Үкімет басшысы авиаотынмен биржалық сауда-саттық үлесін 10-нан 20%-ке дейін арттыру, әуежайларда ашық аспан режимін қолдану мерзімін 3-тен 5 жылға дейін ұлғайту жөніндегі ұсыныстарды қолдады.

Ел ішіндегі банктер арасында клиенттердің ағымдағы шоттарын аудару жүйесін және ашық банктік бағдарламалық интерфейстер стандарттарын (Open Banking и Open API) енгізу мәселесі де қаралды.

Электр энергиясы, теміржол жүк және жолаушылар тасымалы нарықтарын демонополизациялау жөнінде ұсыныстар айтылды.