Фестивальдің қатысушылары 24 маусымда КИМЭП университетінде жиналды. Күн шайдай ашық еді, кейін нөсерлетіп, ағыл-тегіл жауын жауды. Go Viral сахнасы ақ жауынға жуылды. Ал қонақтар мен қатысушылар фестивальді ресми ашып үлгерген еді.
Олар бұл кезде университет ғимаратында өтіп жатқан панельдік талқылаулар, уоркшоптар мен мастер-кластар өтіп жатқан аудиториялардан сырттағы найзағайдың зор гүрілі мен шелектеп құйған жауынның дыбысын ғана естіп отырды.
Go Viral фестивалінде 60-тан астам эксперт медиа, технология, мәдениет және бизнес бойынша 6 панельдік талқылау, 12 уоркшоп, 12 мастер-класс өткізді.
Ұйымдастырушылар келесі күні фестивальдің қатысушылары келгенше жаңбырдың кесірінен шашылған университет аумағын қалпына келтірді.
Бұл күні керісінше күн ысып кетті. Үп еткен жел болмады. Қатысушылар тал-теректің, университет ғимаратының көлеңкесін тығылып, бас сауғалады. Осы кезде қатысушыларға көңіл-күй сыйлаған Нұрбек Мақсотов «Алматының ыстығы мені жандырса, мен қала тұрғындарын жандырып тұрмын» деп әзілдеді.
Екінші күні де жаңашыл адамдар түрлі идея алмасты. Екі тәулікте фильм түсіруді, ашық деректерді қолданып, шенеуніктердің елден жасырған дәулетін білуді үйрететін мастер-кластар болды.
Енді біреулер робот техникасы мен қазақша интеллектуал ойындарға қызықты.
Фестивальдің соңғы күні күн одан сайын ыси түсті. Соған қарамастан, қатысушылар университет аумағынан шығып, Достық даңғылының бойымен жүрді. Оларға Archcode Almaty ұйымының өкілі экскурсия жасап, қаладағы тарихи орындар туралы тың деректерді айтты.
Ал бұл кезде подкастинг жазатындардың кездесуі өтіп жатты, фактчекинг тақырыбы ойын түрінде түсіндірлді, IT cаласында әйелдерің карьера жасау жолдары туралы айтылды.
Go Viral фестивалінің символы — шапан. Оның бір бөлігіндегі қазақша оюлардың орны бос тұр. Фестиваль қатысушылары мұны өзі кестелеп, дайын болған соң жапсырды. Кейін мұны Ашхабадтағы фестивальге жөнелтеді. Шапан Алматыдағы да дәл осылай жеткен.
Go Viral фестивалінің бас сахнасында Ninety one, DAMU, Soul Note, Tori Park, NasiafromAsia, Jordan және Dj KOCONJA мен Dj Nurboogie өнер көрсетті. Ал қатысушылар қапырық пен қатты ыстықты елемеді, артистермен қосылып ән шырқады, секіріп биледі.
Фестиваль АҚШ мемлекеттік департаментінің демеушілігімен Орталық Азиядағы АҚШ дипломатиялық миссияларының қолдауымен өтеді. 2021 жылғы қазан айынан бастап жобаны Орталық Азиядағы соғыс пен бейбітшілікті жариялау жөніндегі институты өткізіп келеді.
Фестивальге Орталық Азия елдерінен, Қазақстаннан басқа аймақтарынан арнайы келгендер болды. Қатысу тегін, жасы бойынша шектеу жоқ.
Go Viral биыл алғаш рет «көшпелі фестиваль» түрінде өтті. Бұған дейін Душанбеде, Ташкентте, Бішкекте болды. Алматы жаңашыл адамдар бас қосатын шараны және оның символы — шапанды Ашхабадқа жолдады.
Биыл фестивальге «Шеврон» компаниясы, MOST бизнес-инкубаторы, Батырхан Шүкенов атындағы қор, WeProject интернет басылымы, Baribar.kz порталы, Econetwork, «48 сағатта түсіру» қысқаметражды фильмдердің байқауы, Obscura компаниясы және American Space & MakerSpace Almaty қолдау көрсетті.
Тағы оқыңыз: Аптап ыстық, подкастинг және Ninety one. Go Viral фестивалінің соңғы күні
Go Viral. 2-күн: робототехника, quiz және зерттеу журналистикасы
Go Viral. 1-күн: жаңбыр, кэнселинг және Орталық Азия жастары
Жаңа білім мен нетуоркинг. Go Viral 2022 фестиваліне не үшін бару керек?