Қазақстан бойынша фитосанитарлар 760 мың гектар жерге химиялық өңдеу жүргізді. Жердің басым бөлігі Әйтеке би ауданына тиесілі. Салалық орган егістікті отайтын зиянкестермен күресіп жатыр.
Қазіргі таңда үлкен қауіп бар. Бізді Ақтөбе облысы алаңдатып отыр. Жақында Әйтеке би ауданында техниканың дайындығын қарап, штаб отырысын өткіздік. Республика бойынша 760 мың гектар жерді, соның ішінде Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында 212 мың гектар жерді өңдейміз, — дейді АШМ агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Алмабек Марс.
Биыл шегірткеге қарсы күреске екі жарым миллиард теңге жұмсалады. Керек-жарақтың бәрі алынып, жұмыстар басталып кеткен. Алайда зиянкестердің таралу аумағы 2018 жылмен салыстырғанда едәуір қысқарыпты.
Мамандар сонымен қатар Қытай, Ресей, Өзбекстаннан жылда көшіп келетін шегірткелердің биылғы маусымда аса байқалмағанын айтады.