Майнинг үшін төлемақы енгізілгеннен бастап бюджетке 652 миллион теңге түсті

2022 жылы 1 қаңтардан бастап цифрлық майнинг үшін төлемақы енгізілді. Цифрлық майнинг саласында қызметін жүзеге асыратын тұлғалар төлемақы төлеушілер болып табылады және қызметті жүзеге асыру кезінде тұтынылған электр энергиясының нақты көлемі үшін төлемақы алынады. Цифрлық майнинг үшін төлемақы еліміздің 12 аумағының төлеушілерінен түскен. Ең көп төлем Нұр-Сұлтаннан түскен және бюджетке 277,3 миллион теңге төленген. Одан кейінгі орындарда БҚО, Ақтөбе облыстары тұр. Аталған облыстар тиісінше 143,1 миллион және 48,9 миллион теңгеден қаражат төлеген, — делінген хабарламада.

Комитеттің хабарлауынша, аталған төлемақы республикалық бюджетке түседі.

Салық кодексінде цифрлық майнинг үшін төлемақы бойынша салық есептілігін тапсыру көзделмеген. Төлемақы сомасы электр энергиясының 1 киловатт-сағаты үшін 1 теңге мөлшерінде есептеледі. Қазіргі уақытта ҚР парламентінде цифрлық майнинг үшін төлемақы ставкасын ұлғайтуды көздейтін заң жобасы қарастырылып жатыр, — делінген хабарламада.