Amanat-тың жастар қанаты Конституцияға енетін түзетулерді түсіндірді

Пікірталас алаңы аясында республикалық партия штабының мүшесі, жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев өткелі тұрған референдумның негізгі мақсаттары мен міндеттері туралы айтып берді.

Еліміздің әрбір жас азаматынан жалқаулық танытпай, енгізілетін түзетулермен танысып шығуын сұрағым келеді. Себебі, сайлаушылардың негізгі бөлігі — жастар. Біз қазір дауыс бере отырып, өзіміз өмір сүріп жатқан еліміздің болашағының іргетасын қалайтынымызды бәріміз түсінуіміз керек, — деді Нұржан Жетпісбаев.

Сонымен бірге жастар қанатының өкілдері жастардың тарапынан ерекше белсенділік танытылып жатқанын айтты. Республика бойынша Kenes  ortalygy аясындағы кездесулер жас депутаттар корпусы мүшелерінің, қоғам қайраткерлері мен қоғамдық пікір көшбасшыларының қатысуымен өткізіледі. Бүгінгі таңда жастар қанатының аймақтық филиалдары офлайн және онлайн форматта 100-ден астам кездесу өткізді.

Сонымен қатар кездесу барысында жалпы республикалық референдум өткізудің тәртібі мен міндеттері, Конституциялық реформаның бағыттары, жаңа Қазақстанды құрудағы референдумның маңызы, астанада мемлекеттік жастар саясаты саласында атқарылған жұмыстар туралы, елордалық жастарды жұмыспен қамту мәселелері сияқты тақырыптар талқыланды.