Алматы тұрғыны алимент төлемегені үшін бас бостандығынан айырылды

Алимент төлемеу фактісі бойынша Алматы полиция департаменті анықтау басқармасының тергеушілері сотқа дейінгі тергеу жүргізді.

Тергеу барысында алматылық бірнеше жыл бойы кішкентай балаларына әдейі алимент төлемегені дәлелденген. Ер адам ресми табысым жоқ деп ақталды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде күдіктінің бейресми кірісі болғаны анықталды, ол алиментті қасақана төлемеген, — деп жазды департамент бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов Telegram-каналында.

Оның мәліметінше, ер адамның өз балаларына берешегі 5 миллион 144 мың 362 теңгеге жеткен.

Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы іс материалдарын қарап, айыптаушы тараптың уәжімен келісіп, ер адамды кінәлі деп тапты. Үкімге сәйкес, алимент төлеуден жалтарған азамат бір жылға бас бостандығынан айырылды.

Борышкер әке сот залында қамауға алынды.