Төтенше жағдай орын алған жердің жанында бірінші қабатта жансақтау бөлімі орналасқан. Онда шала туған нәрестелер жатқан еді. Үшемнің бірі қайтыс болды.
Брифингіде қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пәшімов олардың анасының қайғылы оқиғадан бірнеше сағат бұрын тағы бір баласынан айырылғанын мәлімдеді.
Жергілікті әкімдік қаза тапқан үш адамның отбасына материалдық көмек көрсетеді. Қаза болғандар арасында перзентхананың күзетшісі мен бригада құрамында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан құрылыс компаниясының қызметкері де бар.
Қазір дәрігерлер апат салдарынан зардап шеккендердің өмірі үшін күресіп жатыр. Олардың арасында перинаталдық орталық қызметкерлері: санитарлар, медбике және перзентханаға интернет орнатуға келген тағы бір ер адам бар. Науқастардың жағдайы ерекше бақылауға алынды.
Бүгінде №1 облыстық перинаталдық орталықтың пациенттері №2 облыстық перинаталдық орталықтың ғимаратына, Шымкенттің №1, 2 қалалық ауруханаларына, қалалық перинаталдық орталыққа және облыстық балалар ауруханасына көшірілді.
Еске салайық, 21 мамырда Шымкенттегі перзентхана маңындағы дәріханада жарылыс болды. Жарылыс салдарынан 18 күн бұрын туған үшемнің бірі, 1979 жылы туған күзетші және 1980 жылы туған «АвтоРемСтрой» құрылыс компаниясының қызметкері қайтыс болды.