Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қаруды сатпақ болған екі адам ұсталды

Бұл туралы Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Күдіктілерден қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде ұрланған Макаров тапаншасының екі данасы тәркіленді. Операцияны ​​10 мамырда ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері мен криминалдық полиция басқармасы жедел уәкілдерінің көмегімен арнайы жасақ сарбаздары жүргізді.

Талдықорғанның 1982 және 1994 жылы туған екі тұрғыны қару сатпақ болды деген күдікке ілінді. Екеуі Макаров тапаншасын сатып жатқан жерінен ұсталды. Тінту кезінде олардан сатылып кеткен ПМ-нен бөлек, осындай маркадағы тағы бір тапанша тәркіленді. Қару қаладағы нысандардың бірінен ұрланған болып шықты, — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Қазір күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Факт бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Ресми ақпаратқа сәйкес, жыл басынан бері өңірде заңсыз айналымнан 366 атыс қаруы мен 6,5 мыңға жуық оқ-дәрі тәркіленді.